Accessibility links

Теміртауда кеншілер наразылық жиынын өткізбек


Қарағанды облысындағы «Миттал Стил Теміртау» кеншілері кәсіпорын әкімшілігінен еңбекақыны көтеру туралы талап қойып отыр, бірақ, әзірге компания басшылығы жұмысшылардың өтінішіне қанағатты жауап берген жоқ. Сондықтан «Миттал Стил Теміртау» компаниясына қарасты көмір департаментінің кәсіподағы наурыздың 9-күні жұмысшылар құқығын қорғап, Теміртау қаласында наразылық митингісін өткізетіндерін мәлімдеді.

Көмір департаменті кәсіподақ ұйымының өкілі Баян Бұлғақбаеваның айтуынша, кәсіподақ наразылық митингісін өткізуге рұқсат беруді сұраған өтінішті Теміртау қаласының әкіміне әлдеқашан жолдап қойған. Алайда, осы мәселеге байланысты «Азаттық» радиосының қойған сұрағына наурыздың 2-күні телефон арқылы берген жауабында Теміртау қаласының әкімі Балдырған Мусин өзіне ондай өтініштің әлі келіп түспегенін айтты. Егер тіпті ол өтінішті алған күннің өзінде әкім Мусин ондай жиынның Теміртауда өтуіне қарсы екенін білдіріп, уәж айтады:

- «Миттал Стил Теміртау» компаниясының Теміртауда орналасқан металлургия департаментінің жұмысшылары ешкімге наразылығы жоқ, тып-тыныш жатыр. Ал әлгі наразы боп жүргендер - Қарағанды қаласында орналасқан көмір департаментіне қарасты Шахтинск көмір кеншілері. Ендеше неге олар Теміртау қаласының орталық алаңында наразылық митингісін өткізулері керек? Сол жағы маған түсініксіз көрінеді.

Ал «Миттал Стил Теміртау» компаниясының металлургия департаменті кәсіподағының өкілі Несіп Шуланбаева сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, металлург жұмысшылар әзірге компания басшылығына қарсы наразылық митингісін өткізуді жоспарлап отырмағанын жеткізді:

- Себебі, ақпанның 17 күні болат еріту зауытында шыққан ірі өрт салдарынан зауыт үлкен шығынға ұшырады, әйтеуір ол өрттен адам шығыны болған жоқ. Сондықтан да зауыт жұмысшыларының бәрі қәзір демалыста, олардан наразылық жиынын өткіземіз деген сөз естігенім жоқ.

Осы кәсіподағы өкілінің радиоға берген сұхбатынан белгілі болғаны - өрттен кейін компаниядағы жағдаймен танысу мақсатында және өзге де мәселелерге байланысты Лондоннан осы компанияның қожайыны, британ азаматы, миллиардер Лакшми Миттал сәрсенбі күні Теміртау қаласына келіпті. Айта кету керек, компания кәсіподағы ұйымының өкілдері өз қожайындарымен кездесуге ерекше ынтызар болып жүр. Олар ақпан айының соңында тіпті түу сонау Лондонға дейін ат арытып барса да қожайынға кіре алмай, пұшайман болып елге оралған еді.Дегенмен олар әлі де болса миллиардер Митталмен кездессек дейді. Егер де компания қожайыны жұмысшылардың айлық жалақысын көтеруге келіссе, онда кәсіподақ өзінің наразылық шеруін өткізуден бас тартпақшы.
XS
SM
MD
LG