"Терроризм бабы бойынша айыпталып, екі айға қамалған алматылық белсенді Алмат Жұмағұловтың денсаулығы нашарлады" деп хабарлады Азаттыққа оның адвокаты Жанар Балғабаева. Жұмағұловты желтоқсанның 6-сы күні түстен кейін көргенін айтқан адвокат оның денсаулығын “көздері күлдіреп ісіп кеткен, қалтырап, қатты әлсіреген, аузы кеберсіген” сипаттайды. Адвокаттың айтуынша, белсенді жұбайын өзіне қорғаушы ретінде тағайындауды талап етіп отыр.
“Алайда, қылмыстық айыптау орындары мәселені шешудің орнына бүгін оның әйелінен жауап алғысы келген. Әрине, әйелі жақын адамына қарсы куәлік беруден бас тартты” дейді Жанар Балғабаева. Оның айтуынша, заң бойынша тергеу изоляторы Алматқа медициналық көмек беруі тиіс. Бірақ, әзірге белгілі ақпарат бойынша, ондай көмек көрсетілмеген.
Азаттық тілшісі Жұмағұловтың жағдайын білмек болып тергеу изоляторына хабарласқанымен, жауап ала алмады. Белсенді Алмат Жұмағұловқа Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлімі, яғни, терроризмді насихаттау және террорлық актіге жария түрде шақыру бабы бойынша айып тағылып отыр. Күдікті өзін кінәсіз екенін айтып, айыпты өзінің қоғамдық-саяси белсенділігімен байланыстырады. Құқық қорғаушылар Жұмағұлов қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының бағдарламасын қолдағандықтан қамалып отыр деп санайды.
Алматы қалалық ішкі істер департаменті (ІІД) қарашаның соңында "қоғамдық тәртіпті бұзатын" акция ұйымдастырмақ болды деген күдікті топтың ұсталғанын мәлімдеген. ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек "Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру" бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлаған.