Accessibility links

Денсаулық министрлігі: Маусымда 5 адамның анализін бір құтыға салып талдадық


Маска тағып, қолғап киген қыз COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын мобильді тестілеу орталығында. Алматы, Қазақстан, 29 маусым 2020 жыл.
Маска тағып, қолғап киген қыз COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын мобильді тестілеу орталығында. Алматы, Қазақстан, 29 маусым 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирус пандемиясы өршіген маусым айында бес адамның анализі бір құтыда (пробирка) талданған. Бұл туралы елдегі эпидемиологиялық ахуалға жауапты тауар мен қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев айтты.

"Маусым айында тесттерді жасау пуллинг технологиясын қолдандық. Бұл технология бойынша, жылдамдықты арттыру үшін бес адамның анализін бір құтыға салынып талданады. Ол кезде біз профилактикалық скрининг жүргіздік – вирус жұқтырғанмен байланыста болғандарды, ауру белгілері жоқтарды тексердік. Кейін бұл әдісті өзгерттік" деді Сұлтанғазиев 16 шілде күні орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Шенеунік осы сөзі арқылы Азаттықтың "Күнделік тест саны не себепті азайып кетті?" деген сұрағына жауап берді. 19 маусым күні денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева тест тапсырудың күндік көрсеткіші 28 мыңға жеткенін, келешекте бұл көрсеткішті 35 мыңға жеткізу жоспарланғанын айтқан. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сайтындағы интерактивті картаға сәйкес, 7 шілдеден бері тәуліктік тест саны 12-18 мың аралығында болған.

"Маусым айының соңынан бастап коронавирус індеті өршіп, пуллинг технологиясына қажеттілік болмай қалды. Қазір әр адамға жеке зерттеу жүргізіледі. Осының әсерінен тестілеу мөлшерінің біршама азайғанын көріп отырмыз. Мұны шешу үшін президенттің тапсырмасымен 20 ПТР анализаторын және 1,2 миллион тест жүйесін сатып алуға 15,6 миллиард теңге бөлінген болатын" деді Сұлтанғазиев.

Сұлтанғазиев пуллинг әдісінің не себепті тиімсіз екенін нақтыламады.

19 маусымдағы брифингте Ләззат Ақтаева ПТР анализін елде 56 зертхана қабылдайтынын айтқан. Алайда содан бері аталмыш тізімге кірген "Олимп" және Invivo секілді жекеменшік зертханалар жұмыстарын не жартылай не толық тоқтататынын хабарлаған. Ал дәл осы уақытта елде коронавирус пен пневмонияға шалдыққандар саны күрт артып, ауруханалар лық толып, адамдар өзін-өзі емдеуге көшкен. Осы кезде тұрғындар ПТР анализін тапсырудың қиындағанын айтып шағынды.

Сұлтанғазиев Азаттықтың "Қазір елде қанша зертхана ПТР анализін қабылдайды?" деген сұрағына тіке жауап бермеді.

Ресми дерек бойынша, елде барлығы 65 188 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 39 мыңнан астамы жазылып шыққан, 396-сы қайтыс болған. Кейінгі күндері билік дерегіне күдік келтіретіндер көбейген. Тұрғындар коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны ресми статистикадағыдан көбірек деп санайды.

Коронавирус жұқтырғандардың көп болуы мүмкін екенін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да мойындаған. Ол ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын, бірақ ПТР нәтижесі теріс шыққан пневмония жағдайларының барын айтқан. Министрдің сөзінше, Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы алты айында 98 546 адам пневмонияға шалдыққан. Өткен жылдың алты айындағы көрсеткіштен (63 430 адам) 55,4 пайызға артық. Сонымен қатар тек 1-8 шілде аралығында 56 809 адам пневмонияға шалдыққан. Оның ішінде 39 702 жағдайда ПТР нәтижесі теріс шыққан, бірақ ауру белгілері коронавирустікіне ұқсаған.

Билік шілде айында пневмониядан қайтыс болғандарды жүйелі түрде хабарлап отырған жоқ. Дегенмен денсаулық сақтау министрлігі маусым айында пневмониядан 628 адамның, 29 маусым мен 7 шілде аралығында 453 адамның қайтыс болғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG