Қытайдың Шыңжаң өлкесінің билігі коронавируспен күрес кезінде өте қатаң шаралар қабылдап жатыр. Шыңжаң үкіметі вирус жұқтыруы мүмкін деп күдікке ілінгендерге құрамында химиялық зат көп дезинфекция шашып, тұрғындарды өз үйіне 40 күн карантинге жауып, бұл ережеге бағынбағандарды қамаған. Бұдан бөлек, тұрғындарға белгісіз дәріні ішуге мәжбүрлеген. Бұл туралы Associated Press ақпарат агенттігі хабарлады.
Әлеуметтік желідегі жазбалар мен Шыңжаң өлкесінде (бұл аймақ тұрғындарының басым бөлігі - мұсылмандар) карантинде отырған үш адамның сұхбатына қарағанда, жергілікті билігі тұрғындарға дәстүрлі қытай медицинасымен жасалған, коронавирусты емдейтіні әлі дәлелденбеген дәрілерді мәжбүрлеп іштірген.
Орта жастағы ұйғыр әйел AP агенттігіне өзін коронавирус өршіген тұста ұстап қамағанын, қамауда дәрі ішкізгенін айтқан. Сөзінше, дәріден кейін оның жүрегі айнып, әлсіреген. Ұйғыр әйел күзетшілер аптасына бір рет келіп, камераға және қамауда отырғандарға дезинфекциялық зат шашып кеткенін де жеткізді.
"Денені күйдіретін зат шашты. Қолым бүлініп, терім түсе бастады" деді аты-жөнін атағысы келмеген шыңжаңдық әйел.
Шілденің ортасында Шыңжаңда коронавирус өршіп, 826 адам індетке шалдыққанда жергілікті билік қатаң карантин жариялаған. Қазір бұл аймақта вирустың беті қайтқанымен, қатаң карантин әлі сақталған, 45 күннен асты.
Қыста Қытайда коронавирус тарағанда ел аумағында қатаң карантин енгізілген. Коронавирус шыққан Хубэй провинциясының Ухань қаласында 50 мыңдай адамға вирус жұқтырғанда билік тұрғындарға күштеп қытай медицинасының дәрісін ішкізбеген еді. Халықтың азық-түлікке баруына, сыртта жаттығу жасауға рұқсат еткен.
Маусымның басында Пекинде 300 адамнан коронавирус анықталғанда тек белгілі бір аудандар бірнеше апта карантинге жабылған. Бірақ Шыңжаңда тұратын 25 миллион адамның жартысынан көбі коронавирус ошағы болмаса да қатаң карантинде отыр. Мұны АР агенттігі мемлекеттік хабарламалар мен жергілікті басылымдардың хабарламасынан анықтаған.
Шыңжаңдағы карантинде жұртты бақылау үшін бақылау камералары да жұмылдырылған. Жергілікті билік мұндай аппараттарды үш жыл бойы ұйғырлар мен қазақтарды және басқа да мұсылмандарды қудалауда, оларды саяси лагерьлерге қамауда қолданған. БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда миллионнан астам адамды "саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" сотсыз, үкімсіз қамаған. Пекин мұны "терроризммен күрес" деп атайды.
Бір айдан астам уақыт қамауда болған ұйғыр әйелі қамаудан шыққан соң үйінде қамалғанын, күніне әлеуметтік жұмысшылар келіп, бөтелкедегі белгісіз, атауы жазылмаған дәріні ішуге мәжбүрлегенін айтқан. Сөзінше, әлеуметтік жұмысшылар дәріні ішпесе қайта қамалатынын айтып қорқытқан.
Қытай билігі Шыңжаңда қабылданған әрекеттердің бәрі өлке тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқанын айтады.
"Шыңжаң өлкесі алдымен адамдардың өмірі деген принципті ұстанады және аймақта тұратын барлық этникалық топтың қауіпсіздігі мен денсаулығына кепілдік болады" деді Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзянь 28 тамызда өткен брифингте.
Қатаң карантин шараларынан мұсылмандардан бөлек Қытайдың негізгі тұрғындары – ханьдар да зардап шегіп жатыр. Тамызда жұрт әлеуметтік желіде үйінде есікке, төсекте қолы кісенделген адамдардың суретін жариялап, шектен шыққан карантин шараларына шағымданған. Жұрттың жаппай шағымынан кейін кейбір тұрғындарға үйінен шығуға рұқсат етілген.
Ұлты хань бизнесмен АР агенттігіне шілденің ортасынан бері карантинде отырғанын айтқан. Сөзінше, анализінен коронавирус табылмаса да, билік оны сыртқа шығармай отыр. Ол үйінде қамалып отырғанын әлеуметтік желіде жазған, бірақ кейін постын алып тастауға мәжбүр болған. Айтынша, жергілікті билік "тыныш отыруды" ескерткен.
"Ең жаманы – үнсіз отырғаның. Ұзақ үнсіздік үмітсіздікке айналады. Қанша уақыт отырғанымды білмеймін, бірақ бір бөлмеден шықпадым. Осының бәрін ұмытқым келеді" деп жазды ол тамыздың ортасында Қытайдың Weibo желісінде.
Хань ұлтының өкілі де құмырадағы белгісіз дәріні ішуге мәжбүр болғанын айтты. Ол шөптен жасалған Lianhua Qingwen дәрісін де еркінен тыс ішкенін мәлімдеді. Covid індетіне ем деп сатылатын, бірақ пайдасы мүлде дәлелденбеген Lianhua Qingwen дәрісін АҚШ кеденшілері бірнеше рет тәркілеген.
Коронавирус індеті басталғаны Қытай билігі халықты пайдасы дәлелденбесе де дәстүрлі медицина өнімдерін ішуге мәжбүрлеп келеді. Билік пен мемлекеттік басылымдар қытай медицинасының вирусқа қарсы "100 пайыз пайдасын" жиі айтып, үгіт-насихатқа айналдырған. Шыңжаң шенеуніктерінің бірінен халықтың дәріге қатысты шағымы жайлы сұрағанда ол "дәрілерді ішу сарапшылардың кеңесімен жүзеге асып жатыр" деген.
Билікке Си Цзиньпин келгелі Қытайдың дәстүрлі медицинасы жайлы сын айтқандар қудалауға ұшырап жатыр. Пекин Қытай медицинасына "тиіскен" адамдарға қылмыстық іс қозғайтын заң жобасын жариялады.
"Қытай медицинасының бірде-бір дәрісі коронавирусқа қарсы пайдасы бары ғылыми дәлелденген жоқ және қауіпті. Науқас я сау адамға тексерілмеген дәріні ішкізу этикаға сай емес" деді АҚШ-та тұрып жатқан биохимик және жазушы Фанг Шимин.
Ресми дерек бойынша, Қытайда 89 мыңнан аса адамға вирус жұққан (84 мыңы дерттен айыққан). 4723 адам қайтыс болған. Бірақ халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекин коронавирус статистикасын төмендетіп көрсетіп отыр деп бұл дерекке күмәнмен қарайды.
ПІКІРЛЕР