Қазақстанда салынуы ықтимал атом электр станциясына (АЭС) арналған аумақ ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылы таңдалған. Бұл туралы Қазақстан энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевке сілтеме жасап, қазақстандық БАҚ хабарлады.
Мырзағалиевтің сөзінше, "көптен бері айтылып жүрген" АЭС салу бойынша нақты шешім әлі қабылданбаған - қуаты қандай болары да, нақты орны да белгісіз.
"Әзірге тек [станция салынуы мүмкін] аумақты белгіледік. Өзімізге сай келетін технологияны іріктейміз. Бұл туралы әлі талқыланады. Аумақ ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы таңдалды" деді вице-министр.
Оның сөзінше, "АЭС құрылысы талқыланғанда азаматтардың пікірі міндетті түрде ескеріледі".
Нұр-Сұлтанға АЭС құрылысын ресейлік технологиямен жүргізуді Қазақстанның уақытша президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Кремльдегі кездесуі кезінде Ресей президенті Владимир Путин ұсынған.
3 сәуірде өткен жиында Путин Тоқаев екеуі "бейбіт атом саласындағы серіктестік" жайлы талқылағанын айтқан. Оның сөзінше, "уран өндіру және байыту бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алты өнеркәсібі жұмыс істейді".