"БАУЫЗДАУ, ӨЛТІРУ ДӘСТҮРІ"
– Бандерашыларды танимыз, – дейді ресейлік журналист Владимир Соловьев 11 сәуірде "Россия 1" телеарнасының кешкі эфирінде. – Батыс Украинаның дәстүрін білеміз ғой. Бауыздау, өлтіріп кету – сол бандерашылардың тірлігі. Адамдарды қазір ағашқа байлап кетіп жатыр. Бәрі сол жақтан шығып жатыр...
Кремльшіл журналист бұл сөзін сәуірдің басында Ресей әскерінен босаған Украинаның Буча қаласында бейбіт тұрғындардың жаппай қырылғаны мәлім болғаны жайлы деректер күллі әлемге тараған соң айтты. Сәуірдің алғашқы күндері Бучада кемінде 320 тұрғынның мәйіті табылған, кейін де табылып жатыр. Көбі атып өлтірілген, арасында қолы байлаулы күйі қаза тапқандар бар.
Жантүршігерлік фото-видеолар мен қалада болған кезде бейбіт халыққа шектен шыққан қаныпезерлік танытқан басқыншылардың қылығын баяндаған жергілікті тұрғындардың әңгімелерін жариялаған журналистер бұл сұмдық қылмыстың артында Ресей әскері тұрғанына айғақ-дәлел жеткілікті десе де, Мәскеу оны үзілді-кесілді мойындамай отыр. Соловьев та кешкі эфирінде Бучадағы жағдайды "Киевтің қойылымы" деп атады.
Ресей Украинаға басып кіргелі кремльшіл федералдық БАҚ соғысты "арнайы әскери операция" деп атайды; Украинаны "ұлтшылдар жайлаған" дегенді жиі қайталайды; Ресей әскерінің шабуылынан опат болған бейбіт азаматтардың қазасын жоққа шығарумен келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей мемлекеттік арналарының Украинадағы соғыс жайлы өтірігіСоғыс басталған соң Батыстың бірнеше мемлекеті ел аумағында кремльшіл арналардың көрсетілуіне тыйым салды. YouTube әкімшілігі Ресей федералдық арналарының аккаунттарын өшіріп тастады. Оның ішінде Соловьевтің бағдарламасы көрсетілетін екі арна да бар. Соғыс басталғаннан кейін бірнеше кремльшіл журналиспен бірге Соловьев та АҚШ, Ұлыбритания мен Еуропа одағы санкция салған ресейліктер тізіміне енгізілді. Батыс елдері Соловьевті Украинаның жерінің тұтастығына нұқсан келтірген Ресей басқыншылығын қолдайтыны үшін жауапты санайды.
Қазақстанда Ресей федералдық арналары әдеттегідей емін-еркін хабар таратып отыр. Елде шетелдік телеарналар кабель жүйесі арқылы көрсетіледі. Провайдерінен қандай арна алатынын қолданушының өзі таңдайды. Қала мен ауылды жерде көзге жиі түсетін спутник тәрелке арқылы азаматтар ресейлік арналарды оңай қосып, көре алады.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің былтыр тамыздағы дерегіне қарағанда, Қазақстанда 267 шетелдік БАҚ есепке алынған. Оның 194-і – Ресейдікі. Қазақстанға Мәскеу пропагандасының ықпалы зор екені соғыс жағдайында анық байқалды.
"ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА КРЕМЛЬШІЛ ПРОПАГАНДАНЫҢ ЫҚПАЛЫ ЗОР"
"Ресей Украинада нацистерге қарсы арнайы операция жүргізіп жатыр", "Нұр-Сұлтан Мәскеумен серіктестігін нығайтуы керек" – қазақстандықтардың үштен бірінен астамы әлеуметтанушылар сауалнамасына осылай жауап берген.
MediaNet халықаралық журналистика орталығы 7 сәуірде 1100 адамнан алынған сауалнама қорытындысын жариялады. Желіде зерттеу нәтижесіне сын айтылғанымен, орталық жетекшісі Әділ Жалилов сауалнаманың қазақстандықтар пікірін "дәл көрсеткеніне" сенімді.
– Ақпаратты тәуелсіз, бейтарап басылымдардан оқитын, ағылшынша білетін көзі ашық адамдарға бүкіл Қазақстан соғыста Украинаны жақтайтындай көрінуі мүмкін, – дейді Жалилов. – Ал шынтуайтына келгенде қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы бұл жанжалда белгілі бір деңгейде Ресейді қолдайтынын біз жүргізген сауалнама көрсетіп отыр.
Сауалнамаға қатысқандар Украинадағы соғыстың себебін әртүрлі сипаттайды: 36 пайызы "Ресей нацистерге қарсы әскери операция жүргізіп жатыр" деп жауап берген, 26 пайызы "Мәскеу НАТО әскерін Украинаға кіргізбеу үшін соғысып жатыр" деп есептейді, ал 13 пайызы "Ресей Украинаны өзіне қосып алғысы келеді" деген пікірде. Осылайша жауап бергендердің 39 пайызы соғыста Ресейді қолдаса, 10 пайызы Украинаны жақтайды. 46 пайызы бейтарап позиция ұстанады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Орыс шал, кет!" Алматылықтар Украинаны қалай қолдады?Респонденттер Қазақстанның соғысқа реакциясы қалай болуы керегін де айтқан. Алты пайызы "Украинаны жақтап, Батыс елдерімен серіктестікті дамытуды" қолдаған. "Түркі елдерімен одақтастығын нығайтуды" жақтайтындар – 14 пайыз, "әскери күш-қуатты арттыру қажет" деп санайтындар – 12 пайыз. Ең көбі – жауап бергендердің 36 пайызы Ресейді қолдап, Мәскеудің ықпалы зор Еуразия экономика одағымен қарым-қатынасты дамытуды жақтаған.
Халықтың 10 пайызы ғана Мәскеумен серіктестікті құптамайды. Олар Ресей мен Қазақстан қатар кіретін ұйымдардан "шығу керегін" айтқан. Ал сауалнамаға қатысқан азаматтардың 70 пайызы Ресейге қарсы санкцияларға да, соғысқа да "алаңдамайды". Олар "не болса да Ресей Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктесі" деп санайды.
Украинадағы соғыс басталғалы мемлекеттік басылымдар, Жалиловтың сөзінше, Нұр-Сұлтанның енжар, жасқаншақ позициясынан әрі аса алмай отыр.
– Ақпарат кеңістігіндегі ресми басылымдар биліктің [соғыс жайлы] жасық, енжар сөзін қайталағаннан ары аса алмайды. Сондықтан қазақстандықтар зәрлі даусы қатты шығатын ресейлік арналарды көреді, – дейді Жалилов. – Соғысты қаныпезер не санасын пропаганда шырмап тастаған адам ғана қолдауы мүмкін. Сондықтан біз сауалнаманың осындай нәтижесі Ресей пропагандасының қазақстандықтарға ықпалы зор екенін көрсетеді деген қорытындыға келіп отырмыз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Біреулер Путинді қолдаса, өзгелер айыптайды. Украинадағы соғыс Қазақстан қоғамына қалай әсер етті?"АДАМЗАТҚА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТЫ НАСИХАТТАУҒА ТОҚТАУ САЛЫНСЫН!"
Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағанда кремльшіл арналардың Қазақстанда көрсетілуін шектеуге тырысқандар болды.
28 ақпанда Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласы мен оның маңайындағы ауылдарды интернет және телевизиямен қамтамасыз ететін "Ремстройсервис" телекоммуникация компаниясы "Біз соғысқа және соғысты насихаттауға қарсымыз!" деп, Ресейдің 20 шақты арнасын кабель желісінен ажыратып тастады. Олардың орнына мемлекеттік "Хабар" арнасын қосып қойды.
Бұл шешім Қазақстанда қызу талқыға түсті. Ақпарат министрлігі мұндай тапсырма бермегенін айтып, мәлімдеме жасады. Компания жергілікті халықтың қарсылығына тап болып, сол күні кешке қарай соғысқа қарсы мәлімдемесін алып тастады да, "уақытша қолайсыздық" болғанына кешірім сұрап, ресейлік телеарналарды қайта қосты.
2 наурызда avaaz.org сайтында Ресейдің "адамзатқа қарсы қылмысы" жайлы Қазақстан аумағында ақпарат таратуға тыйым салуды қолдайтын петицияға қол жинала бастады. Қазірге дейін оған 6 мыңнан аса адам қол қойған.
Qazaqstan N. деген атпен тіркелген петиция авторының жазуынша, жаппай бұрмаланған ақпарат ағыны бұрын-соңды болмаған ауқымдағы қатігездікпен күш қолдануды ақтауды көздеп, қазақстандықтардың қоғамдық пікіріне орасан зор ықпал етіп отыр.
12 сәуірде Азаттық тілшісіне сұхбат берген Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров шетелдік БАҚ хабарын тарату – телеарна мен провайдер арасындағы "құқықтық қатынас" деп атады.
– Біз Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік телеарналар бойынша арыз түспесе, олар заңды бұзбаса, барлық шетелдік БАҚ-ты жауып тастамаймыз. Арыз түссе, жеке қараймыз, – деді министр.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың Азаттыққа айтқаны:
Your browser doesn’t support HTML5
Омаров петициядағы талап туралы "пропагандаға еретін адам ере береді" деп қысқа қайырды. Оның сөзінше, министрлік БАҚ-қа "мониторинг жүргізіп отырады". Бірақ Омаров "Соғыс басталғалы телеарналардан қандай да бір заң бұзу фактісі анықталды ма, жоқ па?" деген Азаттық сауалына жауап бермеді.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ АҚПАРАТ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ТӨНГЕН ҚАТЕР
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт петицияда айтылған талапты орындауға Нұр-Сұлтанның дәті жететініне сенбейді.
– Дәл қазіргі уақытта Қазақстан билігі Ресей телеарналарының көрсетілуін шектейтін саяси шешім қабылдай алмайды деп ойлаймын. Себебі саяси элита Кремльге тәуелді, – дейді Нұрсейіт. – Біздің билік саяси ерік-жігер таныта алатын билікке ұқсамайды.
Саясаттанушы ел азаматтарына Мәскеу пропагандасы ықпалының зор болуының себебін Қазақстанның Ресеймен "тарихи, географиялық, саяси, экономикалық, мәдени байланысының терең болуынан" деп түсіндіреді.
– Қытай не Батыспен салыстырғанда біздің азаматтар менталитет тұрғысынан солтүстіктегі көршіні жақын тартып тұрады. Кезінде бір одақтың құрамында болды. Одақ кезінде өскен адамдар еңбек нарығында әлі белсенді, – дейді саясаттанушы. – [Ресейшіл пікір] кеше не былтыр емес, бірнеше жылдан бері медиа тұтынудан пайда болған көзқарас. Ресейлік өнімдер – жаңалықтар, сериалдар мен түрлі бағдарламалар азаматтардың құндылықтарын қалыптастырады.
– Бұл елдің ақпарат қауіпсіздігіне қатер төндіреді, – дейді Әділ Жалилов. – Билік халықтың медиасауатын көтеріп, тәуелсіз, балама ақпарат көздері пайда болуына жол ашуы керек. Қазақстандықтардың көбі халықаралық қауымдастық айыптап, бұрын-соңды болмаған санкциялар салған тарапты жақтап отыр. Олар [Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария] Захарованың, [Ресей сыртқы істер министрі Сергей] Лавров пен [Ресей президенті Владимир] Путиннің адуынды, зәрлі сөздерін тыңдайды... Қанша жерден одақтас болса да, бұл – кез келген ел үшін аномалия.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Вова көкені шақырамыз", "Путин, Оралды қосып алшы". Желідегі тартыс және сепаратизм қаупі"Мәскеу шамданбасын деп..." Украинадағы соғысқа қарсы митинг өткізу машақаты"Екі кеменің құйрығына жармасу". Сүлейменовтің Еуропадағы мәлімдемесі мен "русофоб агентті ұстау" арасында байланыс бар ма?Қазақстан сепаратистік Z таңбасын қолданғандарды қалай жазалайды?"ZаПацаноV". Ресейдің Украинаға шапқыншылығы символы қалай пайда болды?