Аяныш туғызу ма, ақталу ма? Туыстары науқас Болат Назарбаевты неге көрсетті?

Арбада отырған Болат Назарбаев пен қызы Гүлмира. YouTube-тағы видеодан скриншот

Билікке жақын ақпарат құралдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың "ұзақ жылдан бері науқас екенін" айтып, арбаға таңылған видеосын жариялады. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың туыстары, олардың байлығы туралы сұрақ көбейген. Сарапшылардың кейбірі "науқас Болатты көрсету арқылы туыстары қоғамның аянышын туғызғысы келеді, өйткені оның үстінен іс қозғалуы мүмкін" деп санайды.

ДУБАЙҒА КЕТТІ МЕ, ДУБАЙДАН КЕЛДІ МЕ?

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың ауыр дертке шалдыққаны жайлы хабар жергілікті БАҚ бетінде шілденің 22-сіне жарияланған.

Арада үш күн өткенде "Экспресс-К" басылымының сайты "Журналистер алғаш рет Болат Назарбаевтың үйінде болып, жағдайын көрді" деген репортаж жариялады.

Сайттың жазуына қарағанда, "Экспресс-К" редакциясына Болат Назарбаевтың қызы Гүлмира хабарласқан. "Назарбаевтар әулеті отбасы құпиясын ашып, 69 жастағы Болат Әбішұлының шынайы ахуалын айтып беруге шешім қабылдады" дейді басылым.

"Экспресс-К" сайты Болат Назарбаевтың қызы Гүлмира деп таныстырған әйел адам ашық деректерде Гүлмира Әбішева деп көрсетіледі.

1975 жылы туған Гүлмира Әбішева Алматы қалалық әділет басқармасы бастығының орынбасары, Алматы қалалық сотының судьясы, Алматы облыстық сотының судьясы, Алматы қаласы Жетісу аудандық сотының төрайымы қызметін атқарған. Бертінге дейін Алматы облысы Қарасай ауданында ауданаралық әкімшілік сот төрайымы қызметінде болған.

Басылымның жазуынша, Болат Назарбаев "қазір Алматы облысы, Қарасай ауданының Үшқоңыр ауылында тұрып жатыр".

Азаттық тілшілері бұған дейін Үшқоңыр ауылындағы "Болат Назарбаев пен оның апасы Әнипа Назарбаеваның үйі" деп аталатын, биік қоршаудағы іргелес жатқан үйлерге барып көрген. Қоршау есігінің арғы жағынан жауап берген қарауыл бұл үйде Болат Назарбаев емес, оның "інісі тұратынын" айтқан.

"Экспресс-К" сайтындағы репортаж видеосында Болат Назарбаев есік алдында, далада мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арбада отыр. Ал оның арғы жағындағы биік қоршау үстінен тау көрінеді.

Биыл Қаңтар оқиғасы кезінде "Шал, кет!" деген ұран тасталып, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығынан кеткенде, "оның туыстары, соның ішінде Болат Назарбаев та шетелге кетті" деген бейресми хабар тараған. Бішкектегі "Манас" әуежайының баспасөз хатшысы Әлия Құрбанова 6 қаңтарда Дубайдан Бішкекке жеке ұшақ келгенін растаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Болат Назарбаевтың Бішкек арқылы Дубайға ұшып кеткені айтылды

Алайда "Экспресс-К" басылымында жарияланған репортажда қызы әкесінің 2015 жылы ауыр дертке шалдыққанын, содан бері ешкімге ештеңе айтылмағанын, өздері әкесін аяғынан тұрғызу үшін күресіп келе жатқанын, шетелде емделіп, жарты жыл бұрын елге оралғанын айтқан.

Басылымның жазуына қарағанда, Болат Назарбаев 2015 жылы қатерлі ісікке (бүйрек карциномасы) шалдыққан. "Сол кезде трансплантация жасалды" дейді қызы, бірақ қай органы, қай жерде ауыстырылғаны жайлы нақты айтылмайды. Бұған қоса ол қант диабетінің ауыр түрімен ауырады. 2021 жылы оған "көмей рагы" диагнозы да қойылып, Германияда "көмейін алып тастау операциясы" жасалған.

- Қазір де ахуалы жақсармай тұр. Өз бетімен жүре алмайды. Аздап отыра алатын болды, дәрігер бақылауында, - дейді Гүлмира.

Болат Назарбаевтың дертінің ауыр екенін тілшінің өзі де сипаттаған. "Сөйлей алмаса да бәрін түсінеді. Ишара білдіріп, қысқаша жаза алады, өзгеге шамасы жетпейді. Біз келгенде Болат Әбішұлы аздап күйгелектеніп, фломастер сұрап, кішкентай тақтаға бірдеңе жазды, - дейді басылым.

Әкесінің неге күйгелектенгенін қызы түсіндірген.

"Тағы да ауруханаға әкетіп қала ма деп қорқады. Үйімізге журналистер алғаш рет келіп, оның мұндай жағдайын алғаш рет көріп отыр" дейді ол. Оның сөзінше, Болат Назарбаев 2021 жылдың күзінде операциядан кейін комаға түсіп, клиникалық өлім халінен шыққан.

Басылым бүгінде Болат Назарбаевтың жанында әйелі Динара мен әпкесі және балалары ғана қалғанын айтады. Болат Назарбаев туралы ақпараттарда оның бірнеше әйелі және олардан балалары бар екені жиі айтылады.

Бұған дейін Болат Назарбаевтың денсаулығы туралы қауесет тарағанымен, оның жақындары бұл жайында тіс жармай келген еді.

Репортажда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та сөз болған.

"15 маусымда Нұрсұлтан Назарбаев Шамалғанға келген, інісімен кездескен. Туыстарының сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаев інісінің ахуалына қатты алаңдап жүр. Болаттың жанында бір сағаттан астам отырып, дәрігерлермен сөйлесіп, бәрі жақсы болады деп жұбатып кеткен" дейді "Экспресс-К" сайты.

Қаңтар оқиғасынан кейін көпшілік алдына бірнеше рет қана шыққан Нұрсұлтан Назарбаевтың Шамалғанға келіп кеткені жайлы ресми хабар болған емес.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зейнеткер Назарбаев халық арасында Қонаев сияқты емен-жарқын жүре ала ма?

"АЯУШЫЛЫҚ ТУҒЫЗУ КІМГЕ КЕРЕК?"

Болат Назарбаевтың ауыр дертке шалдыққаны жөнінде туыстарының ашық айтып, арбада отырған науқас адамды көрсеткені қоғам назарын аударды. Әлеуметтік желідегі кей авторлар Болат Назарбаевқа мүсіркеушілік білдірсе, кейбірі қылмыстық жазаға тартылудан сескеніп, аяушылық туғызу үшін жариялап отыр деп күдіктенгені байқалды.

Әсіресе, 2015 жылдан бері ауыр дертпен күресіп келе жатқанына тоқталғандар көбейді. Журналист Серік Әбікенұлының сөзінше, Болат Назарбаев 2015 жылдан беріде де белсенділігін тоқтатқан емес.

Журналист Серік Әбікенұлы

- Алматы облысында қандай ғимарат ашылса да, мейлі мешіт болсын, ескерткіш болсын Болат Назарбаев лентасын қиып жүрді. "Барлық істен тыс қалды, жұмысын басқа адамдар атқарды" дегені шындыққа жанаспайды. Үлкен тойларға қатысып, өзі де той өткізіп жүргені құпия емес, - дейді ол.

Оның сөзінше, Болат Назарбаев өзіне аяныш туғызу үшін жасап отыр деу де қиын.

- Ауыр дертке шалдыққаны рас болса, ондай адамға біреудің жаны ашығаны, жаны ашымағаны маңызды емес шығар. Өмір үшін арпалысып, жаны қысылған адамның дүниені ойлауға шамасы да келмейді. Бәлкім айналасында жүргендер оның науқастығын пайдаланып, аяныш сезімін оятқысы келетін болар, - дейді ол.

Болат Назарбаевтың белсенділігі 2015 жылдан кейін де төмендемегінін жергілікті баспасөз бен әлеуметтік желідегі көп ақпараттан да байқауға болады. Биыл Қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда құлатылған Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіші 2016 жылы өткен салтанатпен ашу рәсіміне Болат Назарбаев та қатысқан.

Your browser doesn’t support HTML5

Болат Назарбаев карантин кезінде баласына той жасады ма?

2017 жылы Алматы облысының "Туған жер" бағдарламасы аясында Болат Назарбаев өзі туып-өскен Шамалғанға 17 үй салып, оны таратқаны баспасөз бетінде ірі қайырымдылық шарасы ретінде көрсетілді.

2019 жылы күзде Түркістан облысы Шардара ауданында ұлының сүндет тойына арнап ұлан-асыр көкпар бергені, тойға полиция күзетімен барып, доллар таратып отырғаны қоғам назарын аударған. Осыдан екі жыл бұрын YouTube-те жарияланған тағы бір видеода Болат Назарбаевтың диван үстінде билеп отырғаны көрінген еді.

Саясаткер Рысбек Сәрсенбайдың сөзінше, Болат Назарбаевтың ауыр жағдайын жариялау жөнінде шешім қабылдаған адам - ағасы Нұрсұлтан Назарбаев болуы мүмкін.

Рысбек Сәрсенбай

- Болат Назарбаевтың қатысы бар заңсыз әрекеттер жайлы сөз де, шағым да көп. Соның біріне байланысты іс қозғалса, соңы Болат Назарбаевқа тіреледі. Бұған дейін демеп келген ағасы Нұрсұлтан енді оны құтқара ала ма, жоқ па деген мәселе тұр, - дейді ол.

Қазақстан билігін көп жыл бойы сынап келген журналист Гүлжан Ерғалиева "Болат Назарбаевтың дерті туралы көпшілікке жариялау – аяушылық, мүсіркеу туғызу" деп санайды.

- Адамның қалай ауырып жатқаны – интим мәселесі, оны жариялаудың керегі не? Бәлкім Болаттың науқастанғаны жайлы алыпқашпа сөздерді растайын деген болар. Бірақ мәселенің тек соған тіреліп тұрғанына күмәндімін. Бәлкім қылмыстық қудалаудан сескеніп, қоғамнан аяушылық, мүсіркеу күтіп отырған шығар? - дейді ол.

Гүлжан Ерғалиеваның сөзінше, "қоғамда Болат Назарбаев заңсыз әрекеттері үшін жауапқа тартуды күтіп отырған көңіл-күй бар".

Журналист Гүлжан Ерғалиева

- Болат Назарбаевтан зардап шектім деген қаншама адам баспасөзге де, сотқа да шағымданды. Қаңтар оқиғасына дейін оның бәрі жауапсыз қалды. Қазір қоғам шын мәнінде әділет күтіп отыр. Назарбаевтар әулетінің қоғам және мемлекет алдында моральдық және қаржылай жауапкер деп есепеймін. Әсіресе олардың заң алдында үлкен жауапкершілігі бар, - дейді ол.

"АЛА ЖІП АТТАМАУ" ЖӘНЕ "РЕЙДЕРЛІК"

"Экспресс-К" басылымының тілшісіне Болат Назарбаевтың үйін аралатқан қызы "үйімізде ешқандай да тікұшақ алаңы жоқ, гольф-клуб та жоқ, әрбір бизнесменде бар жақсы үй" деп сипаттайды.

Алайда, Болат Назарбаев Қазақстандағы көп бизнесменнің бірі емес, одан жапа шектім деген азаматтар оны отыз жыл президент болған ағасына сүйеніп, "біреудің бизнесін рейдерлікпен тартып ала салатын өте бай адам" деп сипатталады.

Баспасөзге сирек сұқбат беретін Болат Назарбаев жетістікке өз күшіммен жеттім деп есептейді.

"Жұрт ағасы көмектеседі деп ойлайды. Мен ол кісіден осы уақытқа дейін мына жерде жұмыс істегім келеді деп қызмет сұраған емеспін. Адамның басы жұмыс істесе фамилия да жетеді, әрі қарай өзім алып кеттім" деп екіұшты ой қалдырған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бас істесе, фамилия да жеткілікті". Болат Назарбаевтың сантехниктен ірі меншік иесіне дейін өсуі

"Мен әлі күнге дейін біреудің ала жібін аттап көрген жоқпын, ешкімнің ештеңесін алған жоқпын, халыққа, достарыма, өнер адамдарына көмектескім келеді" дейді Болат Назарбаев осы сұқбатында.

Ағасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл Қаңтар оқиғасынан кейін биліктен біржола кеткенге дейін Болат Назарбаевқа құқық қорғау органдары тарапынан сұрақ болмағаны оның расында "ала жіп аттамағанын" көрсеткендей еді.

Your browser doesn’t support HTML5

Болат Назарбаевтың Алматыда қандай бизнес нысандары бар?

Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтар әулетінің өкілдері жоғары қызметтерден ысырыла бастағанда оның інісінің рейдерлік әрекетінен зардап шектім дейтіндер көбейе бастаған.

Биыл 6 сәуірде "Almaty steklo" зауыты құрылтайшыларының бірі әрі басшысы Әзім Абдуллаев 2016 жылы іске қосылған зауытындағы үлесінің тең жартысын інісі Болат Назарбаев тартып алғанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, рейдерлік әрекетті Болаттың ұлы Нұрбол Назарбаев ұйымдастырып, Абдуллаевтар отбасын Болат Назарбаевқа ай сайын 250-300 мың доллар ақша беруге мәжбүрлеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Үлесімнің жартысын тартып алып, көп ақша төлеуге мәжбүрледі". Болат Назарбаев тағы бір дауға қалды

Биыл наурыз айында экс-президенттің інісі Болат пен күйеу баласы делінетін Қайрат Шәріпбаевтың қатысы бар заңсыз майнинг компанияларды тауып, жұмысын тоқтатқан құқық қорғау органдары "Almaty steklo" зауыты иесінің шағымы бойынша, Болат Назарбаевтың өзге ре рейдерлік әрекеттері жөніндегі арыздар бойынша қандай да бір қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат жоқ. Тек, биыл 21 маусымда Қаржы мониторингі агенттігі Болат Назарбаевтың "рейдерлік әрекеті" тексерілетінін хабарлаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың астанадағы аралы. Жайлаудағы резиденция. Жекеге өткен Үшқоңыр