"Басқалары айта берсін, мен үндемей отыра берейін". Өмірлік позициямызды қалай өзгертеміз?

Азаттықтың "Жаншипа" психологиялық подкастының 19-эпизодында өмірлік позиция және өмірлік сценарий деген тақырыпты талқыладық. Өмірлік позиция деген не? Адам өзінің өмірлік позициясын білгені қаншалықты маңызды? Өмірлік сценарийді өзгертуге бола ма? Бұл сұрақтарға транзактілі анализ бағытында жұмыс істейтін психолог Әсел Садумен жауап іздедік.

Your browser doesn’t support HTML5

"Мен жаманмын, басқа адамның бәрі жақсы". Өмірлік позиция деген не? Ол адамның өміріне қалай әсер етеді?

Эпизодтың маңызды тұстарын мәтін түрінде де ұсынамыз:

ӨМІРЛІК ПОЗИЦИЯНЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР?

Өмірлік позиция – адамның өмірдегі жағдайларға эмоциялық қатынасы және әрекеті, сыртқы рамкалары және өмірдегі жағдайларды қабылдауы. Өмірлік позиция концепциясын 1971 жылы транзактілі психолог Франклин Эрнст енгізген.

Ол өмірлік позицияны төртке бөледі:

  • "Мен окей емеспін, сен окейсің" (мен жаманмын, сен жақсысың)

Бұл позицияда адам өзіне сенбейді, басқалардың ойы мен пікірі маңыздырақ болады. "Басқалардың айтқаны дұрыс, менің айтқаным дұрыс болмайды, басқалары айта берсін, мен үндемей отырайын" дейді. Мұндай позициядағы адам ылғи "құрбан рөлінде" болып жүреді, өзіне деген бағасы төмен болады. Біреуге тәуелді болып қалады әрі жауапкершілікті ала алмайды.

  • "Мен океймін, сен окей емессің" (мен жақсымын, сен жамансың)

Бұл ұстанымдағы адам басқаларды менсінбей, басқалардан өзін жоғары ұстауы мүмкін. Мұны тәкаппарлық, менмендік деп айтып жатамыз. Өзгені төмен санағандықтан басқаларға сене алмайды, тек өзіне ғана сенеді, өзін мықты, өзгені әлсіз санайды. Мұндай адамдар құтқарушы рөліне еніп, басқалардың өмірін өзгертуге тырысады. Өзгені төмендетіп, бәрін сынап, негатив пікір айтуы мүмкін. Бұл позицияда адам көп жетістікке жеткендей көрінгенімен, өмірде негативі көп болады.

  • "Мен окей емеспін, сен де окей емессің" (мен де, сен де жамансың)

Бұл – өте ауыр позиция. Басқа позицияларда бір шешім бар, мысалы "мен окей емеспін, сен окейсің" деген позицияда басқадан кеңес сұрап, бір шешім шығаруға болады ғой. Ал "мен де, сен де окей емессің" деген ұстанымда мүлде шешім жоқ, адам тығырыққа тіреледі. Бұл ұстанымды суицидалды позиция, өмірден түңілу деп айтуға болады. Себебі бұл ұстанымдағы адам "өмірде бәрі жаман", "өмір мәнсіз" деп санайды.

  • "Мен де – океймін, сен де – окейсің" (мен де, сен де жақсысың)

Бұл – адамның өміріндегі ең бақытты ұстаным. Бұл позициядағы адам өзіне де, өзгеге де сене алады. Сол арқылы адамдармен, қоғаммен жақсы қарым-қатынас құра алады. Жұмыста да, отбасында да, қоғамда да адамдармен жақсы араласады. Өмірде қандай жағдай болса да, оны тәжірибе деп қабылдап, алға жүреді. Өзін жақсы көреді, өзгемен салыстырмайды. Әлсіз тұсын да, мықты тұсын да, қателігін де қабылдайды. Өзін толық қабылдап, өзін жақсы көреді. Өз шешімімен өз өмірін анықтап, жауапкершілік ала алады. Өзіне пайдалы шешім қабылдап, өмірін жақсы жаққа өзгерте алады. Бұл адамның өміріне гармония әкеледі. Мұны "жеңімпаздың позициясы" деп те айтамыз.

ӨМІРЛІК ПОЗИЦИЯНЫ ЖАҚСЫ ЖАҚҚА ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТЕ АЛАМЫЗ?

Жоғарыда айтылған алғашқы үш позиция өмір сүруге кедергі келтіреді. Сол теріс үш ұстанымның бірінде жүрген адам "мен де, сен де жақсы адамсың" деген позицияға шығуға тырысуы керек. Бұл жолда психолог маманмен терапея жақсы көмектеседі. Бұдан бөлек адам өзіне деген сенімділікті арттыру маңызды. Ол үшін өзін жақсы көріп, өзін тыңдап, өзіне ұнайтын істермен айналысқаны жөн.

ӨМІРЛІК ПОЗИЦИЯ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?

Психологтардың айтуынша, адамның өмірлік позициясы 6-7 жасқа қалыптасады. Негізі осы жасқа дейін баланың өзін тұлға ретінде біле бастайды, өзі жайлы сенімдері қалыптасады.

Психолог Әсел Саду

Баланың өмірлік позициясының қалыптасуына анасы, әкесі, ата-әжесі және жанындағы жақын адамдары әсер етеді. Бірақ бұл жерде ананың рөлі зор. Бала үлкендерден көргенін алады немесе "олар сияқты болмаймын" деп антисценариймен жүреді. Ересектердің балаға айтқан сөздері баланың өзі жайлы пікірінің қалыптасуына тікелей әсер етеді. Бала психологиялық және физиологиялық тұрғыдан ата-анаға тәуелді, сондықтан балаға ата-ананың айтқаны заң, ақиқат, бала оны жүз пайыз дұрыс деп қабылдайды. Ата-ана баланы ұратын болса, кемсітетін болса, көршінің баласымен салыстырса, бала есейгенде "мен жаманмын, басқаларының бәрі жақсы" деген оймен жүреді.

Ал баланы көп мақтап, сен мықтысың, сен жеңілмейсің деп асыра мақтаса, балада "мен жақсымын, басқаларың жамансыңдар" деген позиция қалыптасады. Мақтауды көп естіген бала өмірдегі келеңсіз жағдайларда "сынып", депрессияға түсуі мүмкін. Себебі өмірде адам мықты, кейде әлсіз бола білуі керек. Бұл – қалыпты жағдай. Сондықтан бала тәрбиесінде мақтауды да, шектеуді де баланста ұстап, балаға өмірде жеңіс те, жеңіліс те болатынын үйреткен жөн.