КІМ ҚОЛДАЙДЫ, КІМ ҚАРСЫ?
Қазақстанда бірінші атом электр станциясын салу мәселесі көп адамды бей-жай қалдырмайды. Астанадағы өкілетті тұлғалар түпкілікті шешімді халық қабылдайды дейді. АЭС тағдыры биыл күзде өтетін референдумда шешіледі.
Әзірге басқа ақпарат жоқ: референдум күні де, дауыс беруге шығарылатын сұрақтар да белгісіз.
Қазақстанның әртүрлі өңірінде референдум алдында қоғамдық талқылаулар өтіп жатыр. Талқылаулар көбіне бір сценарий бойынша өтеді: арнайы шақырылған сарапшылар презентация көрсетіп, АЭС салу неге маңызды екенін дәлелдеуге тырысады. Залда отырғандар қарсы дәйектер келтіреді.
Қарағандыдағы талқылау да осыған ұқсас сарында өтті. АЭС салынатын ықтимал орын — Балқаш көлі жартылай Қарағанды облысында орналасқан.
"Мәселе 100 пайыз шешілген! Не тыңдап отырсыңдар?" — деді жергілікті тұрғын Орынбасар Жәнібеков дискуссия жетекшілерінің бірі өзін сыртқа сүйреп бара жатқанда.
Оны залдан шығаруға Жәнібековтің АЭС құрылысына қарсылық білдіріп, эмоцияға толы мәлімдеме жасағаны себеп болды.
— Тендерді кім жеңетіні белгілі. Нысанды Ресей салады. Өйткені 2003 жылы АЭС салу идеясын Ресей ұсынған. Владимир Путин ресейлік арнадан “Қазақстанда АЭС саламыз” деген. Бәріңді АЭС-ке қарсы шығуға шақырамын. Жемқорлық жойылмайынша, атом станциясын салуға болмайды, — деді ол.
Ресми деректер бойынша, Қазақстан АЭС салуда қай елмен серіктес болатынын әлі шешпеген. Талқылауда сөйлеген сарапшылар үкімет тізімінде Франция, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресей барын айтты.
Атом электр станциясы Алматы облысындағы Үлкен ауылында салынуы мүмкін. Ауыл Каспиден кейінгі әлемдегі екінші үлкен тұзды көл — Балқаштың бойында орналасқан. Бұл көл төрт облыс территориясында жатыр. Көлде балық шаруашылығы дамыған. Ондаған құс түрі мекендейді. оның ішінде Қызыл кітапқа енген құстар да бар. Қазақстандықтар жыл сайын Балқашқа демалуға барады. Кейінгі кездері көл суы тартыла бастады деген ақпарат жиі айтылып жүр.
Осы факторлардың бәрі халықтың АЭС-ке қатысты алаңдаушылығын күшейтіп отыр.
Балқаш тұрғыны АЭС салу туралы талқылау станцияға жақын орналасқан Балқаш және Приозерск қалаларында неге өтпегенін сұрады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қарағанды облыс орталығы болғандықтан, талқылау үшін осы жер таңдалған.
— Балқашта 70 мың адам, Приозерскіде 50 мың адам тұрады. Оларды адам құрлы көрмейсіздер ме? — деді Балқаш тұрғыны.
Астанадан қоғамдық талқылауға арнайы келген экономист Жангелді Шымшықов сарапшылар көрсеткен презентацияда атом энергиясынан бас тартқан елдердің тәжірибесі жайлы ақпарат жоғына назар аударды.
— Атомды жақсы көруге шақырып жатыр. Біз атоммен бұрыннан халқымызға қарсы 40 жылға созылған “құпия соғыс” [Семей полигонында сынақ болған жылдар] кезінен бері таныспыз. Сондықтан қазақтар бұған жол бере алмайды! Германия сияқты атом электр станциясынан біржола бас тартқан елдердің тәжірибесін ескеріп отырған жоқ, — дейді ол.
Халық АЭС жобасына қанша ақша кететінін және электр энергиясының бағасы қандай болатынын сұрады. Сарапшылар әзірге тек алдын-ала бағалау деректері ғана бар, бірақ нақты ақпарат жоқ деді.
АЭС құрылысына қарсы азаматтар эмоциясын жасыра алмады. Осы үшін олардың сөзін бөліп, провокация жасап жатырсыздар деп айыптады.
Кездесуде АЭС-ты қолдайтын тұрғындар да болды.
Үлкен тұрғыны Сергей Третьяков ауылдың экономикалық дамуы үшін станция керек деді.
— Станция құрылысын қанша жылдан бері күтіп жүрміз! Дені дұрыс адам ретінде құрылысты қолдаймын. Жобада әрқайсымыздың үлесіміз болса, жеңіп шығамыз. Сонда жемқорлық болмайды, — деді ол.
Құрылысты қолдап сөйлегендердің көбі атом энергиясы технологиялық прогресс белгісі дегенді қайталады.
— Бізде жемқорлық дейді. Қолымыздан бірнәрсе келеді, реактор қойып, станция сала аламыз дегенге қашан сенеміз? Бұл станция әр үйге кіреді, бәріміз дауыс берсек, ел болып пайдасын көреміз. Қорықпайық! Атом электр станциясы бар 36-мемлекет болайық, — деді Қарағанды қоғамдық кеңесінің мүшесі Василий Климаков.
Жобаны қолдаушы кей азаматтар халыққа кепілдік беруді сұрады.
— Жұмыс орындарының 90 пайызы жергілікті халыққа берілсін, құрылыс материалдарының 90 пайызын отандық өндірістен сатып алсын деп талап етейік, — деді қарағандылық депутат, құрылыс саласында бизнесі бар кәсіпкер Төлеген Әшімов.
ШЕНЕУНІКТЕР МЕН САРАПШЫЛАР
Спикерлер арасында энергетика министрлігі атом энергиясы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова болды. Ол Қазақстанда энергия тапшылығы барын, болжам бойынша, бұл мәселе жылдан-жылға ушыға беретінін ескертті. Мұрсалова АЭС ұтымды шешім, Қазақстан энергетикасының негізі — көмір станцияларымен салыстырғанда, атом энергиясы таза энергия көзіне жатады деп түсіндірді.
— Көміртек бейтараптығы бойынша халықаралық саясатқа байланысты көмір жағатын жаңа станциялар салуға қаржы тарту қиын. Бүкіл әлем жаңа жасыл технологиялардың дамуына назар аударып отыр, — деді Мұрсалова.
Оның айтуынша, атом электр станциясында қуаты 2800 мегаватқа дейін жететін 2 энергетикалық блок салу жоспарланып отыр. Бірінші АЭС жобасын дайындау "Қазақстан атом электр станциялары" компаниясының (құрылтайшысы – "Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры) бас директоры Тимур Жантикинге тапсырылған. Ол атом электр станциясы құрылысына дайындық 2018 жылы басталғанын, нысан салынатын ықтимал орындарға зерттеу жүргізілгенін айтты.
Жантикиннің дерегінше, Қазақстан қытайлық CNNC, оңтүстік кореялық KHNP, ресейлік "Росатом" және француздық EDF компанияларының ядролық реакторларын қарастырып отыр.
— Референдумнан кейін АЭС салу туралы шешім қабылданса, үкімет нысанды бекітеді. 3 және 3+ санатындағы су негізінде қысыммен жұмыс істейтін реакторлардан тұратын 4 жобаны таңдап алдық. Судан мәселе туса, "құрғақ градирня" деген технология бар. Ол суды мүлде қажет етпейді. Жылу станцияларында осындай градирня қолданылады. Өзбекстандағы атом электр станциясында да осы технологияны қолдану қарастырылып жатыр, — деді Жантикин.
Көрші Өзбекстанда Қазақстан шекарасына жақын маңдағы Тұзқан көлінің жағасына АЭС салғалы жатыр. Кездесуде Өзбекстандағы жоба туралы көп айтылды. Көбі Өзбекстан үкіметі референдумсыз-ақ АЭС салу туралы шешімге келді дегенді алға тартты.
— Шекарамыздан 40 шақырым жерде АЭС салғалы жатыр. Олар ешкімнен сұраған жоқ. Өзбекстанға талап айта аламыз деп ойлайсыздар ма? Аузымызды да аша алмаймыз! Өз жерлері, қалағандарын істеуге құқылы, – деді Үлкен тұрғыны Сергей Третьяков.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бейбіт атомды қолдаймыз!" АЭС салуды жақтайтындар мен қарсылардың дауыҰлттық ядролық физика институтының өкілі Сергей Кислицын жиналғандарға АЭС қауіпсіз екенін түсіндіру үшін Қазақстанда Балқашта салынатын сулы реактордың шағын үлгісі жұмыс істеп жатқанын айтты. Бұл — электр өндіретін құрылғысы жоқ ғылыми модель.
— Реактор Алматы орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан. Қандай да бір апат болып, радиоактивті қалдықтар бөлінсе, бәріміз еститін едік. Бірақ реактор 60 жылдан бері сәтті жұмыс істеп келеді, — деді Кислицын.
ТҮЙІН
Қарағандыдағы талқылау бірнеше сағатқа созылды. Бірақ бұл АЭС қажет дегенге сенбейтін халықтың ойын өзгерте алмады.
— Станция керек емес! Ойымды өзгерте алмадыңыздар, — деді жиналғандардың бірі қолына микрофон алып.
Кездесуден кейін энергетика министрлігінің сайтына жаңалық шықты. Онда “Қарағандыдағы талқылауға тұрғындар, қоғам қайраткерлері мен экологтар қатысты, оларға АЭС қауіпсіздігі туралы айтылды” делінген. Мақалада энергетика министрлігі, Ұлттық ядролық орталық және жобаны дайындап жатқан кәсіпорын өкілінің сөзі берілген.
Сайттағы материалға станция құрылысына қарсы адамдардың сөзін қоспаған. Мемлекеттік органдар халықтың АЭС-қа қарсылығын басқа ақпараттық каналдардан да көрсетпейді.
АЭС-ке қарсы азаматтар пікірін айтатын жалғыз орын — әлеуметтік желі. Қарағандыдағы талқылаудан кейін АЭС құрылысына қарсы энергосарапшы, KEGOC компаниясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев атом энергетикасының дамуы “тығырыққа тірелді” деді.
"[Таза энергия көздеріне бетбұрыс] атом энергетикасын жолда қалдырады. Тағы 10 жыл атом реакторларын өндірушілер шенеуніктерге пара беріп, бізге дәуірі аяқталып жатқан өнімін тықпалауға тырысады. Азаматтық қоғамның міндеті – осы шабуылдарға төтеп беру", — деп жазды Наурызбаев.
АЭС жайлы талқылаулар Қарағандыдан бөлек, Үлкен ауылы, Түркістан, Жезқазған, Шымкент, Ақтөбе қалаларында өткен.
Қарағандыдағы кездесу басында маусымның соңына жоспарланған. Жиынға шақыру АЭС-тің артықшылығы туралы видеомен қатар жүрді. Белгіленген датаға бірнеше күн қалғанда, талқылау тамызға ауысты. Кейін қайта өзгеріп, 5 шілдеде өтетін болды.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстан АЭС құрылысына 10-12 млрд доллар жұмсап, 6-8 жылда салуды жоспарлап отыр. 1973-1999 жылдары Ақтауда 350 МВт ядролық реактор болған. Оның жұмысын тоқтатып, жауып тастаған. Қазақстан сол кезде Германия, Италия, Литва сияқты атом энергиясын коммерциялық мақсатта пайдаланудан бас тартқан елдердің қатарына қосылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Суы азайып, балығы сиреген Балқаш. Көлдің бүгінгі күйі қандай?