Экономика министрі Британия санкциясына ілінген фирмаларды "бір күндік компаниялар" деді

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Ұлыбритания санкциясына ілінген Қазақстандағы компанияларды "бір күндік" деп атады.

"Білуімше, бұған дейін осы тізімдегі екі компания АҚШ санкциясына ілінген. Олар бір – күндік компаниялар, осындай мақсатта ашылатын сияқты. [Ондайларды] тексере бастағанда толыққанды жұмыс істемей жатқанын көреміз. Олар ашылып, әлдебір келісімшарт жасасады да, жоғалып кетеді. Одан кейін Батыста санкцияларға жауап беретін қаржы қызметтері бұл компанияларды тіркеп, тізімге енгізеді" деді Байбазаров.

Пайда табуды көздеген мұндай компаниялармен күресу қиын дейді ол.

Министр Қазақстан АҚШ пен Еуропаның санкцияны бақылау қызметтерімен келіскен шектеулерді сақтайды деп мәлімдеді.

7 қарашада Ұлыбритания Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты Мәскеуге қарсы санкция салған. 56 жеке тұлға мен компания арасында Қазақстандағы Stanex Group, Kazstanex, Zapchasttrade, Rabadaziya, CPS Energy, Tawkz компаниялары да бар.

"Пятое января" арнасының жазуынша, мысалы Беларусь азаматтары құрған, санкцияға ілінген “ЗапчастьТрейд” компаниясы бір жыл бұрын қазанда "ХОРГОСЛОГИСТИКОПЕРАТОР" компаниясын құрған. Компания бір айдан кейін Қытаймен шекараға жақын "Қорғас – шығыс қақпасы" арнайы экономикалық аймағының қатысушысы атанған.

Сарапшылар "Қазақстан мен Ресейдің еркін сауда айналымы бойынша келісімі сауда-саттықты жіті бақылауға кедергі келтіріп отыр" дейді.

Қазан айында АҚШ үкіметі жариялаған кезекті санкцияға қазақстандық Kazstanex компаниясы да ілінді. Ол Ресейге сатуға тыйым салынған жабдықты Еуропадан алып, Қытай арқылы тасымалдаған деген күдікке қалған.