Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов қызметінен кетті. Ақпаратты Азаттыққа ҚФФ баспасөз қызметі растады.
Барменқұлов федерацияны 2022 жылдың ақпанынан бері басқарып келген. Бұл аралықта Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының С дивизионындағы тобында жеңіске жетіп, В дивизонына көтерілді. Еуро-2024 турниріне жолдама алуға жақын болып, Словениядан, одан кейін Грекиядан жеңілді.
Барменқұлов Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын шетелдік ойыншыларға қойылған шектеуді алып тастап, ел ішінде дау туған. Барменқұлов лимитті алып тастау арқылы чемпионаттағы бәсекені жоғарылатып, инвесторлар тартпақ болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Командалар ойынға 11 легионер шығара алады. Қазақстандық футболшыларға не болмақ?
Бұған қоса, ол құрамаға бас бапкер ретінде ресейлік маман Станислав Черчесовті тағайындаған. Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған журналистерді кекетіп, ҚФФ оған айыппұл да салды.
Барменқұлов мұнай-газ, көлік саласында жұмыс істеп, "Қазақмыс" компаниясында жоғары лауазымда қызмет атқарған.