Қазақстанның оңтүстік-шығысында тағы да ұлтаралық кикілжің туып, бұл жолы жанжал этникалық қазақтар мен Қазақстандағы дүнген қауымдастығы өкілдерінің арасында болды.
Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай қаласына жақын маңда басталған жанжалдың себебі туралы әртүрлі нұсқа айтылып жатыр. Бірақ осыған ұқсас жанжалдар кезінде байқалатын әдепкі жайт бойынша, қақтығысқа телефон мен әлеуметтік желіде тараған хабарламалар мен видеолар түрткі болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұлтаралық келісімнің" қауқарсыз моделі. Қордайдағы жанжал нені аңғартты?
Осының салдарынан он адам қаза тауып, ондаған адам жараланып, мыңдаған дүнген шекара арқылы көрші Қырғызстанға қашқан.
Дүнгендер – халқының басым бөлігі ислам дінін ұстанатын, Орталық Азияға Қытайдан келген этникалық топ. Оларды Қытайда «хуэй» деп атайды.
Дүнгендер Қытайдың хань этникалық тобына жатады. Бірақ кейбір деректерге қарағанда, дүнген халқының 1000 жылдық тарихы бар. Кейбір дереккөздерде аталған ұлттың дүнген/хуэй этногенезінің жетінші ғасырын қамтитын араб-исламдық топтармен байланысы бары айтылады. Осыған қарағанда, олар ішкі Азия жеріндегі ең ежелгі мұсылман халық болуы мүмкін.
Дүнген тілінің не қытай, не түрік тіліне жатпайтын ерекшелігі бар.
Дүнгендердің негізгі бөлігі 19-ғасырда Қытай әскері Шыңжаңдағы аз ұлттар көтерілісін күшпен басқаннан кейін Орталық Азияға қоныс аудара бастаған.
Қазір Орталық Азияда жүз мыңнан астам дүнген тұрады. Олардың басым бөлігі Қырғызстан мен Қазақстанда шоғырланған.
Дүнгендер Ресей патшалары мен Совет одағының билігі тұсында өмір сүріп көрген. Олар тәуелсіз Қырғызстан мен Қазақстандағы постсоветтік өмірге де тез бейімделіп, төл мәдениетін сақтап қалған. Дүнгендер әдетте өз арасында ғана қыз алысып, басқа ұлт өкілдерімен некеге тұрмайды.
Қазақстанда ақпанның 7-сі күнгі оқиғалар кезінде зардап шеккен Масанчи ауылы сияқты елдімекендердің біразында дүнгендер саны басым. Дүнгендердің бір аумаққа шоғырлануы Қордайдағы жанжалдың тез өршуіне де себеп болды.
ЭТНИКАЛЫҚ ШИЕЛЕНІС
Қазақстанның оңтүстік-шығысында соңғы жылдары этникалық қазақтар мен басқа ұлт өкілдері арасында қақтығыстар болған.
2007 жылдың наурыз-сәуір айларында Қордай ауданынан шығысқа қарай 100 километр қашықтықта орналасқан Алматы облысындағы Маловодное ауылында қазақтар мен шешендер арасында жанжал туған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билік этникалық топтармен қатынас орната алмай отыр"
Бильярд залынан басталған келіспеушілік қос тараптан жүздеген адамды қамтыған қақтығысқа ұласты. Жанжалға қатысқан тараптың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Совет одағының басшысы Иосиф Сталиннің бұйрығымен Қазақстанға көшірілген шешендердің ұрпағы.
2015 жылы ақпанда Түркістан облысындағы негізінен тәжіктер тұратын Бостандық ауылында елдегі басым ұлт саналатын қазақтар мен этникалық тәжіктер арасында қақтығыс болды.
Түркістан облысы Жамбыл облысының батысында орналасқан. Этникалық тәжіктерді бұл жаққа 1950 жылдары өңірдегі жұмыс күшін арттыруды көздеген совет билігі көшірген. Қақтығыс тәжік пен қазақ жігітінің арасындағы кикілжіңнен басталған. Осының салдарынан пышақталған қазақ жігіті көз жұмған.
Марқұмды жерлеу рәсімінен кейін қазақ азаматтары Бостандық ауылына барып, үйлер мен көліктерді өртеген.
ҚОРДАЙДАҒЫ ЖАНЖАЛДЫҢ АСТАРЫ
Қордайдағы соңғы жағдайға ақпанның 5-і күні жолда туған “ашу-ыза” себеп болғанға ұқсайды. Қолда бар деректерге қарағанда, дүнген жүргізушісі жол үстінде қазақ ақсақалын ұрып-соққан.
Жол-көлік оқиғасының нәтижесінде не болғаны және одан кейін әлеуметтік желілерде жасалған мәлімдемелер әртүрлі топтар арасындағы ашу-ызаны қалай өршіткені туралы қарама-қайшы ақпарат көп.
Бірақ 48 сағаттан кейін этникалық қазақтар тобы Масанчи ауылына кіріп, аңшылық қару, темір істік, таяқ пен тас қолданып, төбелес бастаған.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан соң басқа ауылдың адамдары дүнгендер тұратын Масанчи ауылына келе бастаған.
Полиция жанжалды тоқтата алмады. Жағдай ауылға арнайы жасақ келгеннен кейін ғана тұрақталды.
Нұр-Сұлтандағы үкімет жағдайды бақылаудан шығарып алғаны үшін жергілікті билікті кінәлады. Бірақ 2007 және 2015 жылдары көрші аудандарда болған қақтығыстар Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде этникалық шиеленіс бұрыннан барын көрсетеді.
Халықтың Қазақстанның оңтүстік-шығысына өз еркімен қоныстанғаны немесе күштеп көшірілгені маңызды емес. Бастысы Нұр-Сұлтандағы ресми тұлғалар өңірдің ерекше назар аударуды қажет ететінін түсінуі керек.
Қазақстан билігінің аталған өңірге лайықты көңіл бөлмей отырғаны анық. Бұл сыншыларды Қордайдағы жағдай оңтүстік-шығыс өңірде тағы да қайталануы мүмкін деген болжам жасауға итермелейді.
(Мақаладағы пікір Азаттық радиосының көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін).