"Ұлымды атып өлтірген адам тайраңдап жүр". Өскемендегі үш азаматтың қазасына кім жауапты?

Your browser doesn’t support HTML5

"Адамды атып тастау оңай болғаны ма?". 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оққа ұшқан азаматтардың ісі дұрыс тергелмей жатыр дейді туыстары.

Қазақстанның бірнеше қаласында жаппай наразылықпен басталып, аяғы дүрбелеңге ұласқан, көп адамның өліміне себеп болған Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде атпалдай үш азамат оққа ұшты. Туыстары үшеуінің қазасын тергеу жұмыстары дұрыс жүрмей жатқанын айтады. Адвокат тергеу органдары кінәлілерді табуға құлықсыз, себебі қылмыстың артында өздері тұр деп есептейді.

Нұржанар Жұртбаева – Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оққа ұшқан Жолжарық Есенжолұлының әпкесі.Өскемендегі тұрғын үйлердің біріндегі асүйде үш әйел – Арайлым, Мөлдір мен Нұржанар әңгімелесіп отыр. Үшеуінің де жанарынан бір-бірінің қайғысын айтқызбай-ақ түсінетіні байқалады. Төрт ай бұрын мүлде бейтаныс болған әйелдерді Қаңтар қасіреті біріктірген. Қаңтар оқиғасы кезінде олардың бірі ұлынан, екіншісі күйеуінен, үшіншісі ағасынан айырылған.

"ОҚ АТҚАН АДАМДЫ ТАБАМЫН ДЕП СЕРТ ЕТТІМ"

Әйелдер бұл жолы Арайлым Сағатбаеваның үйінде бас қосты. Арайлым Қаңтар қырғынында отбасының тірегі – үлкен ұлынан айырылған. Пәтер иесі қолына ұлының зайыбы және қызымен түскен суретін ұстап, әңгімесін бастады.

– Ұлым өте кішіпейіл, ақкөңіл, достарының ортасында беделді, мінезі жайсаң, жанашыр, тәртібі жақсы бала болды. Досы көп еді. Мектепте жүргенде мұғалімдерден балам жайлы жаман сөз естіп көрмеппін. Сондай тәрбиелі бала еді. Әкесіз өскендіктен, намысшыл болып өсті, – дейді марқұмның анасы.

25 жастағы Қуаныш Қабылқанов титан-магний комбинатында жұмыс істеген, қосымша жеке жүргізуші болып табыс тапқан. Жақындарының айтуынша, Қуаныш еңбекқор адам болған. Бос уақытында отбасы мен достарын алып, жергілікті демалыс орындарына жиі барып тұрған. Азаматтық белсенділікпен айналыспаған, митингілерге қатыспаған.

Арайлым Сағатбаева ұлы Қуаныш Қабылқановтың отбасымен түскен суретін көрсетіп отыр. Қуаныш 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, мерт болды.

– 5 қаңтарда кешкі шайымызды ішіп отырғанда "мама, сегіз қаланың тұрғындары митингіге шығыпты. "Халықтың әл-ауқаты жақсарсын!", "Азық-түлік арзандасын!" деген талап қойып жатыр екен. Ертеңгі күні баға төмендесе, арзан асты қалай жейміз? Митингіге шыққан азаматтардың бетіне қалай қараймыз? Бармасам болмайды. Барып, азаматтық позициямды айтайын. Жаңаөзенді қолдайын!" деп, алаңға кетті. Жаман ойым болған жоқ. Бұрын Қазақстанда мұндай митинг болмады ғой. Бейбіт күнде соғыс болады, адамдарды атып өлтіреді деп ойлаған жоқпын. Баламды қолдап, "Барғаның дұрыс" деп жібердім. Кешкі 9-дан өте ұлыма хабарластым, – дейді Арайлым Сағатбаева әңгімесін одан әрі жалғап.

Қуаныш анасының қоңырауына жауап беріп, "Мама, мына жер ушығып кетті, атыс-шабыс болып жатыр. Еламаннан көз жазып қалдым" деген. Анасы ұлынан дереу үйге қайтуды өтінген.

– Арада біраз уақыт өткенде ұлымның телефонынан қоңырау түсті. Телефонды алсам, ұлымның досы Еламан: "Қуанышқа оқ тиді" деді. Көршімізге айтып, баламның халін білу үшін ауруханаға бардық. Аурухананың іші алай-дүлей болып жатыр екен: біреуінің жағына, екіншісінің қолына оқ тиген. Баламды ота жасауға алып кеткенін білдік. Тілеуін тілеп, күтіп отырдық. Дәрігер шығып, "Ажалға араша түсе алмадық" деп естіртті. Ары қарай не болғанын білмеймін. Осылай үлкен ұлымнан айырылдық, – дейді көкірегі қарс айырылған ана.

Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде қаза тапқан үш азаматтың ісімен айналысып жатқан адвокат Нұрзағи Құдабаева сот-медицина сараптама қорытындысын алған. Онда Қуаныш Қабылқановтың оқ тиіп көз жұмғаны жазылған.

– Іс материалдарына, нақтырақ айтсақ, cот-медицина сараптамасының №187 қорытындысына сәйкес, Қуаныш Қабылқанов кеудесінің оқ жақ тұсынан тиген оқ жарақатынан көз жұмған. Оқ ішкі органдарын зақымдап, көп қан аққан, – дейді адвокат.

Арайлым Сағатбаева қаңтардан бері шарқ ұрып, әділдік іздеп жүр: ол баласына оқ атқан адамды тауып, заң бойынша жауапқа тартқысы келеді. Кінәлілерді табуды сұрап, жергілікті әкімдікке, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына барып, тіпті президенттің қабылдауына да жазылған. Президент әкімшілігі "Қасым-Жомарт Тоқаев қазір желтоқсан айында жазылған адамдарды қабылдап жатыр" деп, кезек күтуін сұраған.

– Жазықсыз баламның бұл дүниеде жоқтығы, ал оған оқ атқан кінәлі адамның жұмысын жалғастырып, отбасының қасында өмір сүріп жатқаны жаныма батады. Баламды соңғы сапарға шығарып салған соң оны түсімде көрдім. "Мама, жатпа, бар!" дегендей болды. Аян берді деп жорыдым. Ұлымды жерлегеннен кейін оған оқ атқан адамды тауып, жауапқа тартамын, бәрі тиісті жазасын алады деп серт еттім. Онымен тынышталмаймын. Ұлымды ақтап, мақсатыма жетемін деп сенемін, – дейді Арайлым Сағатбаева.

Қуаныш Қабылқановтың артында келіншегі мен бір жасар қызы қалған. Арайлым Сағатбаева келіні мен немересінің болашағына алаңдайды: күйеуінен жастай жесір қалып, балаларын жалғыз өсірген ана асыраушысынан айырылған отбасыға берілетін 30 мың теңге ештеңеге жетпейтінін жақсы біледі. Ол үкіметтен ұлының отбасына материалдық көмек беруді сұрайды.

– Осындай талап қойып отырмын. Талабымды орындай алмаса, президент баламды атуға бұйрық берген екен, онда құдайдың орнына құдай болып, балама жан салып, қайтарып берсін. Бізге қазір қиын. Баламның жоқтығы жалғыз маған ғана емес, бәрімізге оңай тиген жоқ. Артында кішкентай бүлдіршін қызы қалды. Басқа балаларды балабақшадан әкелері әкетіп жатады. Осыны көріп, жүрегім ауырады. Әкесінің жоқтығы өмір бойы жанына батады ғой. Балам тірі кезінде "Мама, өзім әкесіз өстім, енді қызымды ешқашан әкесіз қалдырмаймын, ештеңеге мұқтаж қылмай өсіремін" деп айтып отыратын, – дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қанды қаңтар эпилогы. Бейбіт халыққа оқ ату, азаптау және "дәлелденбейтін қылмыс"

"ЖАБУЛЫ ҚАЗАН" КҮЙІНДЕ ҚАЛДЫРМАҚШЫ МА?"

Нұржанар Жұртбаева Қаңтар оқиғасы кезінде ағасынан айырылған. 26 жастағы Жолжарық Есенжолұлы Бозанбай ауылында наубайханада істеген, одан бөлек, шаруашылықпен айналысқан. Қазір марқұмның жесірі әлі жасқа толмаған сәбиімен жалғыз қалған. Жолжарықтың қарт анасы қайғыдан қан жұтып отыр. Ер азаматтың қазасы отбасына ауыр тиген.

– Өте мейірімді, кісіге зияны жоқ еді. Ешкімнің ала жібін аттамаған, ақылды болатын. Ешқашан "жоғарыдағылар жағдайымды жасап берсін" деген емес. "Ата-анам өмірге әкеліп, өсіріп, жеткізді, енді өз жағдайымды өзім жасаймын" дейтін. Мен де сондаймын. Отбасымызбен сондай адамдармыз. "Үкіметтен бірнәрсе алайық" демейміз. Өзіміз әрекет етеміз. Бауырым ерте тұратын, жұмысына тиянақты еді. Кімнен сұрасаңыз да, аузын ашса жүрегі көрінетін жақсы адам болғанын айтады. Өтірігі, ұрлық-қарлығы, қулық-сұмдығы жоқ, намаз оқитын жігіт еді. Ауылға нан таситын, таңнан кешке дейін наубайханада істейтін. Ауылдастарына көмектесіп жүретін, – дейді марқұмның әпкесі.

Нұржанар Жұртбаева – Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оққа ұшқан Жолжарық Есенжолұлының әпкесі.

Қаңтарда Жолжарық мыңдаған адаммен бірге митингіге шыққан. Кешкі сағат алтыда достары хабарласқан соң, Бозанбайдан Өскеменге кеткен. Әйеліне тез қайтып келемін деп ескерткен. Сағат 8-дер шамасында үйіне хабарласып, Өскеменге жеткенін айтқан.

Өскеменде тұратын Нұржанар Жұртбаева ағасы митингіге кеткенін білмепті. Оның алаңда болғанын түнде ауруханадан хабар келгенде бір-ақ естіген.

– Маған хабарласып, "Жолжарықтың жақыны керек болып тұр" деді. "Неге? Ол ауылда ғой" деп таңғалдым. "Бір жағдай болды, келгенде айтамыз" деп, ауруханаға шақырды. Жұбайымды ертіп бардым. Дәрігерлер "1995 жылғы желтоқсанның 31-інде туған, қолында күміс неке жүзігі бар адам сіздің бауырыңыз ба?" деп сұрады. Артынша "Біз бұл баладан айырылып қалдық" деді. "Ауруханаға аман жетті ме?" дедім. "Келгенде тірі болды, бірақ өкінішке қарай, құтқара алмадық" деді. Бейтаныс көлік алып келіпті. Сенген жоқпын, – дейді Нұржанар.

Адвокат Нұрзағи Құдабаеваның айтуынша, сот-медицина сараптама қорытындысы Жолжарық Есенжолұлының кеудесін оқ тесіп өткенін көрсеткен. Оқ жарақатынан оң жақ өкпесі зақымдалып, бұғанақ астындағы күре тамыры жарылып, екі қабырғасы сынған.

Нұржанар құқық қорғау органдары әлі күнге ағасының киімі мен телефонын бермей, тергеушілердің сұрақтан жалтарып отырғанын айтады.

– Бір хабарласқанымда, тергеуші "іссапарға кетіп қалдым" деді. Жарайды. Екінші рет "прокуратураға бара жатырмын" деді. Оған да көндік. Үшінші рет хабарлассам, "бос емеспін" дейді. Олай болмайды ғой. Өскеменде мыңдаған адам қырылып жатса, түсінер едім. Үш-ақ адам өлді. Солардың ата-анасына қарайласып, сұрақтарына жауап беруге шамасы жетеді ғой. Төрт ай өтті. Не істеп жүр? – дейді Нұржанар Жұртбаева тергеу барысына көңілі толмайтынын айтып.

Марқұмның әпкесі әділдік орнап, қылмыскер табылар деп үміттенеді.

Жолжарық Есенжолұлы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оқ тиіп қаза болды.

– Адам деген өлтіріп алып түк болмағандай жүре беретін, еті иістеніп кетіпті деп, көміп тастайтын мал емес қой. Әр істің жауабы болады. Мойнына жауапкершілік алып, оқ атқан адамдар жазалансын. Адам өлтірудің қандай болатынын олар да көрсін! – дейді Нұржанар.

Ол ағасының террорист болмағанын, ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоғын айтады.

– Өздері істеп отыр ғой. Жоғарыдағылар. Ешкім қарапайым халықтың қолына қару беріп, "атыңдар" деген жоқ. Полиция атты, енді соны мойындай алмай отыр. Бәрін халықтан көреді. Қарапайым халықты осылай түрткілей берсе, адамдар "Бүгін қай баламды атып кетер екен?" деп қорқынышпен өмір сүреді ғой. Тәуелсіз Қазақстанда осылай дірілдеп өмір сүреміз бе? – дейді ол.

"ӘКЕМ ҚАЙДА?" ДЕП СҰРАЙДЫ"

Мөлдір Қалиасқарованың жасы 27-іде. Ол күйеуі Айдос Алдашовпен он жыл бұрын отасқан. Кішкентай екі баланың анасы Мөлдір Қаңтар оқиғасы кезінде жесір қалды.

– 5 қаңтарда әдеттегідей жұмыстан келдім. Ол екі баламен үйде отырған. Кешкісін тамақ пісіріп болған соң, жолдасы хабарласты. "Кешкі жетіден кейін алаңға қарай көп адам бара жатыр екен. Барып, не болып жатқанын көріп келейін" деді. Кейін байланыс болмай қалды. Сағат сегіздер кезінде шығып кеткен, тоғыздан өте атып тастапты. Сағат оннан кейін ауруханада қайтыс болған. Мен оны ертеңіне кешке мәйітханада бір-ақ білдім.

Мөлдір Қалиасқарова күйеуінің қауіпсіздігіне алаңдамағанын айтады. Өйткені Айдос пен досы алаңда не болып жатқанын білуге ғана барған. Алдашов митингіде бір сағат ғана болған.

Кішкентай екі баланың анасы Мөлдір Қалиасқарова 2022 жылғы қаңтарда жесір қалды. Жұбайы Айдос Алдашов Қаңтар оқиғасы кезінде Өскеменде оққа ұшты.

Адвокат Нұрзағи Құдабаеваның дерегінше, Айдос Алдашов та оқ жарақатынан қаза тапқан.

– Марқұм арқасын тесіп өткен оқтан көз жұмған. Оқ бел омыртқасын, сүйектері мен жұлынын зақымдап, ішіне қан кеткен, – дейді адвокат.

Мөлдір мен Айдос ерте үйленген. Күйеуі отбасын асырау үшін университеттегі оқуын тастап кеткен. Әр жерде қолына ілінген шаруаны істеп, ақша тауып, әйелі жұмыста жүргенде үйде балаларға қараған.

– Жаным ауырады. Он жыл отасқан жарымнан айырылдым. Екі баламыз бар: біреуі – онға, екіншісі жетіге келді. Балаларға да әкесіз қиын. Үлкен балам түсінеді, бірақ жағдайды толық білмейді. Кенжем "Әкем қайда?" деп сұрай береді. "Әкең аспанда" десем, "Қашан келеді? Неге келмейді?" деп жылайды.

Қазір Мөлдір балаларын асыраушысынан айырылғаны үшін берілетін 53 мың теңге жәрдемақыға асырап отыр.

– Әкімдіктен көмек болған жоқ, ешкім хабарласпады. Өскеменде үш-ақ өлім болды ғой, солардың отбасына хабарласып, жағдайымызды білуге болар еді. Өзіміз әкімдікке бармадық. Бірақ олар Өскеменде не болғанын біледі ғой, – дейді ол.

Мөлдір Қалиасқарова марқұм күйеуі Айдос Алдашовтың телефонда сақталған фотосын көрсетіп отыр.

Мөлдір тергеудің қалай жүріп жатқанын білмейді. Тергеушілер сараптама жүріп жатыр деген ақпарат қана берген.

– Оқ атқан адамды табу мен үшін өте маңызды. Бір үйдің асыраушысының өмірі қиылды, балалар әкесіз қалды. Бәрі әділ болсын. Кінәлілер жазалансын!

"КҮШ ҚҰРЫЛЫМДАРЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ТЕРГЕУ ЖҮРГІЗУГЕ ҚҰЛЫҚСЫЗ"

Qantar қоғамдық қорының тапсырмасымен Өскеменде қаза тапқан үш азаматтың ісін қолға алған адвокат Нұрзағи Құдабаеваның айтуынша, Қуаныш Қабылқановтың денесінен Макаров тапаншасынан атылған оқ табылған. Айдос Алдашов пен Жолжарық Есенжолұлына тиген оқ денені тесіп өтіп, жерге түскен.

Адвокаттың пікірінше, 5 қаңтарда кешкі сағат 8-ден кейін оқ ату туралы бұйрық беріліп, тәртіпсіздікті басуға барған полиция қызметкерлеріне қару таратылған. Полицияның қолында 11 Макаров тапаншасы болған. Оларға 176 оқ берілген, оның 74-і атылған. Алдашов, Есенжолұлы мен Қабылқанов сағат кешкі 9-дан кейін клиникалық өлім жағдайында ауруханаға түскен.

– Осы жұмысқа кіріскелі "Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті бұл істі қаншалық объективті жүргізеді екен?" деген мәселе мазалап келеді. Өйткені күдіктілер қатарында полиция қызметкерлері бар. Яғни, аталған азаматтар сол тәртіпсіздікті басуға барған полиция қызметкерлерінің оғынан көз жұмып отыр. Қылмыстық істі оқ атқан тараптың өзі тергесе, бұл жерде қандай объективтілік, заңдылық туралы сөз болуы мүмкін? Қанша шағым, өтініш жазсам да, Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасына осы мәселені жеткізе алмадым. Олар "Оқты полиция атқанын дәлелдеңіз" дейді.

Құдабаева прокурорлар істің жай-жапсарына "көз жұма" қарап отырғанын айтады. Адвокат күш құрылымдары жан-жақты тергеу жүргізгісі келмейді деп күдіктенеді.

– Тергеушіге "Сол күні қару қолдануға кім бұйрық берді? Соны анықта" дедім. Оны анықтау үшін Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті басшысынан жауап алу керек. Қатардағы тергеуші облыстық полиция департаменті басшысынан қалай жауап алады? Облыстық полиция департаменті мен прокуратура осындай көзге ұрып тұрған шындықты көзге ілмей, немқұрайлық танытып отыр. Бұл президенттің әділетті Қазақстан құру туралы үндеуіне қайшы келеді. Олар осы әрекетсіздігін жалғастыра берсе, әділдікке жету мүмкін емес, – дейді адвокат.

Нұрзағи Құдабаева облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жолдап, Қабылқанов, Алдашов пен Есенжолұлының ауруханаға қандай күйде жеткізілгені, оларды кім әкелгені, аман алып қалу үшін қандай шаралар қолданылғаны жөнінде ақпарат алмақ болған. Бірақ денсаулық сақтау басқармасы адвокаттың хатына жауап бермеген. Құдабаева билік қылмыстық іске объективті зерттеу жүргізуге кедергі жасап отыр, төрт ай өтсе де, үш азаматтың өлімі бойынша күдіктілер табылған жоқ деп қынжылады.

Азаттық Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне хат жіберіп, Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтардың ісі қалай тергеліп жатқанын сұрады. Бірақ редакция хаты да жауапсыз қалды.

Qantar қоры (белсенділердің бастамасымен құрылған ұйымды қазақстандық кәсіпкерлер қаржыландырады) қорғаушыларының жұмысын үйлестірумен айналысатын адвокат Данияр Қанафин Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған істер баяу жүріп жатқанын, мемлекеттік органдар адвокаттарға ресми, толық емес, нақтылығы аз ақпарат беріп отырғанын айтады. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы мамырдың басында Қазақстан қаңтардағы қантөгіске қатысты зерттеу жүргіземіз деп уәде бергенімен, жәбірленушілер әділетсіздікке тап болды деп мәлімдеген. HRW ұйымының Еуропа мен Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон "Қылмыстық тергеу уақытылы әрі ашық жүргізіліп жатқан жоқ" деп жазған.

HRW ұйымы Қазақстан билігін ұлттық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен тәуелсіз орган құрып, тергеу жүргізу арқылы адам құқықтары саласындағы міндеттемелерін орындауға мүдделі екенін дәлелдеуге шақырған. Нұр-Сұлтан бұл мәлімдемеге ешқандай реакция білдірмеді. Қазақстан билігі осыған дейін ресми дерек бойынша, 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасына халықаралық зерттеу жүргізу туралы ұсыныстан бас тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қаңтар құрбандарының қазасын билік дұрыс тексермей отыр". HRW мәлімдемесі мен үндеуі"Тозаққа түскендей болдым". Қаңтарда ұсталған адамның бастан кешкені"Бұл жерден тірі шықпайсың". Қаңтарда аяусыз азапталғандар мен мандымаған тергеу"Атымен қоса атып өлтірді". Мал бағуға шығып оққа ұшқан Ерназар Қырықбаевтың қазасына кім жауапты?Талдықорғандағы қантөгіс. Әскерилер бейбіт адамдарды неге атты?