"ӨКІЛЕТТІК ЕШҚАЙДА КЕТКЕН ЖОҚ, ОНЫ ҚАЗІР ТОҚАЕВ ПАЙДАЛАНЫП ОТЫР"
– Тоқаев былтырғы және 2024 жылдың басындағы сұхбаттарында да, сөйлеген сөздерінде де экономикаға баса назар аударып, саяси өзгерістер туралы көп айтпауға тырысатыны байқалады. Неліктен?
– Былтыр Тоқаев сөйлеген сөздерінде саяси реформаны реттедік, енді экономикалық реформаның уақыты келді дегенді бірнеше рет айтты, сол себепті ол 2023 жылғы қыркүйектегі жолдауында елдің экономикалық дамуына көбірек екпін салды. Жалпы Тоқаев [бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаевтың "алдымен экономика, ал саясат содан кейін" деген тезисін қайталап отыр.
Тоқаев өзінің және ол әкелген реформалардың арқасында Қазақстанның саяси жүйесі жақсы жағына қарай өзгерді деген сөзді қайта-қайта айтты. Бұған қоса, осы бір жасандылықты еш қымсынбастан "демократиялық реформа" деп атайды. Президент әкімшілігінің кейбір өкілдері, сондай-ақ екі палатаның бірқатар мүшесі оның сөзін қайталап, мұның бәрі президент әкелген реформа дейді.
– Неге "жасандылық"? Елде Конституцияға түзету енгізу жөнінде референдум өтіп, бұдан былай президент қызметінде тек жеті жыл отыратын болды ғой. Бұл демократияландыру нышаны емес пе?
– Президенттің ойына бір идея келсе, Конституцияға жаңа түзету енгізбейтініне ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан алдағы бір-екі жылда тағы да түзетулерге куә болуымыз әбден мүмкін, өйткені президент Конституцияны өзгертемін десе, елдің негізгі заңы оны шектемейді. Бұл жерде мынаны айтқым келеді: 2022 жылы саяси реформалар деп атап, Конституцияны қатарынан екі рет өзгерткеннен кейін де президент өкілеттігі шектелмегенін Тоқаевтың өзі ресми мойындады.
3 қаңтарда Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында Әлихан Смайловты премьер-министр лауазымына ұсынар алдында [2022 жылы] "Аманат" партиясының мүшелері онымен ақылдасқанын мәлімдеді. Яғни, ол алдымен елде премьер-министр лауазымына үміткерді ұсыну процедурасы өзгерді дейді: әуелі партия өз үміткерін ұсынады, содан кейін бұл кандидатураға президенттің келісімі алынады, содан кейін барып оны парламент бекітеді. Бірақ сөйте тұра Тоқаев, Конституцияға президент қандай да бір партияның мүшесі бола алмайды деген түзету енгізілгеніне қарамастан, "Аманат" партиясына өзі ықпал ететінін мойындап отыр.
– Қазақстанның саяси бағыты "Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет" деп аталатын жаңа мақсат көздейді. Оны Тоқаев 2019 жылы мәлімдеген. Ал күшті әрі беделді басшысыз демократияландыру жолымен жүре алады ма?
– Экс-президент Назарбаевтың абсолютті билігінің ақыры немен тынғанын бәріміз білеміз. Назарбаев құрған жүйе президентке шексіз өкілеттік бергенін Тоқаевтың өзі мойындады. Алайда ол ешқайда кеткен жоқ, қазір Тоқаевтың өзі сол өкілеттікті пайдаланып отыр. Әрі кейінгі кездегі азаматтық белсенділерді, журналистерді, тәуелсіз БАҚ-ты қудалау шын мәнінде, Тоқаев өкілеттігін бірінші кезекте өз саяси салмағын арттыру үшін пайдаланатынын көрсетіп берді. Мұның бәрі іс жүзінде оны екінші "елбасына" айналдырды.
АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҚЫСЫМ ЖӘНЕ "ПОЛИЦЕЙЛІК МЕМЛЕКЕТ НЫШАНДАРЫ"
– Саяси реформалар туралы әңгімені жалғастырсақ. Меніңше, Тоқаев 2022 жылы қаңтарда сөйлеген сөзінде алдағы бірнеше жылға арналған саяси даму бағытын айқындаған сияқты. Қазақстандағы қазіргі саяси жағдай сол екі жыл бұрынғы Тоқаев белгілеген үлгі бойынша жүріп келе жатқандай.
– Былтыр жылдың басында біз Тоқаевтың Қаңтар оқиғасына дейінгі және кейінгі риторикасын талқылап көрдік. Сонда байқағанымыз, екеуі бір-біріне мүлде кереғар. Мен сол кездің өзінде-ақ Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін екінші "елбасы" атану жолын таңдады дегенмін, қазір біз оның әлі де осы ұстанымда екенін көріп отырмыз. Байқасаңыз, Тоқаев Twitter-ге өте аз жазба қалдыратын болған. Бұрын ол саясатқа тікелей қатысы бар мәселелерді талқыға шығаратын. Президент болғанға дейін, сенат төрағасы кезінде әртүрлі тақырыпты қозғайтын. Мәселен, "Қазақстанда әулие Валентин күнін тойлауға болмайды, ол біздің ұлттық құндылығымызға қайшы" дегендей. Оған қоса, Қаңтар оқиғасына дейін баспасөз хатшысының аузымен елде "Қалаулым" сияқты бағдарламалар болмауы керек дегенді айтты. Бұл – жас жігіттер мен қыздар жұп іздейтін рейтингі жоғары телешоу. Бірақ ол кезде Тоқаев "кіші президент" рөлінде еді. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін ол іс жүзінде барлық өкілетті өз қолына алған толыққанды авторитар президентке айналып шыға келді.
Қазір біз елде "Масс-медиа туралы" жаңа заң жобасын желеу етіп, сөз еркіндігі мен тәуелсіз БАҚ-тардың, оның ішінде халықаралық БАҚ-тардың қызметін шектеуге тырысып жатқанын байқап отырмыз. Менің ойымша, бұл – Қаңтар оқиғасынан кейін алғашқы күндері ішкі саясаттың даму векторын белгілеген президенттің бастамасын жүзеге асыру әрекеті. Ол қандай ұйымдар, қандай ойыншылар осы репрессиялық саясаттың нысанасы болатынын белгілеп берді. Билік былтыр шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) мен азаматтық тұлғалардың тізімін тегіннен-тегін жариялаған жоқ. Оған қоса бірқатар тәуелсіз журналист шабуылға ұшырады, кейбір редакцияның әлеуметтік желідегі парақшаларына DDoS-шабуылдар жасалды, мұның бәрін тоқаевтық режим ұстанатын саясаттың нәтижелерінің жиынтығы деп қарау керек.
– Президент кейінгі кезде сөйлеген сөзінде адам құқықтарына немесе сөз бостандығына назар аударды ма?
– 2023 жылы ол бұл мәселелерге аса көңіл бөлген жоқ. Қазір "елбасыдан арылу" ("деелбасизация") процесіне, Тоқаевтың саяси билігін күшейтуге және полицейлік мемлекет жасауды жалғастыруға ғана назар аударылып жатыр.
– Шынымен "полицейлік" пе?
– Иә. Себебі бізде құқық қорғау органдары мен күш құрылымдары азаматтық және саяси еркіндіктерді шектеу мақсатында пайдаланылады. Ең бастысы, 3 қаңтарда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда саяси тұтқындар жоқ, өйткені заңда "азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалайтын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ" деді. Яғни, президенттің логикасына салсақ, егер елде репрессия және цензура туралы заң болмаса, проблема да жоқ.
Сөйте тұра біз Қазақстанда азаматтық белсенділер, саяси тұтқындар және бұқаралық ақпарат құралдары сияқты азаматтық қоғамға қысым күннен-күнге күшейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Тіпті сотты жабық өткізу тұрақты тәжірибеге айналды. Марат Жыланбаевты (тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының лидері "экстремистік" баппен 7 жылға бостандығынан айырылды) және [журналист] Думан Мұхаметкәрімнің ісін жабық сотта қарап жатыр. Тіпті [бұрынғы ҰҚК төрағасы] Кәрім Мәсімовтің және "Дикий Арманның" соты да жабық форматта өтті. Осының бәрі Қазақстанда полицейлік мемлекет нышандары күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қаңтардан сабақ алмаған билік, Тоқаев тұсында күшейген қуғын-сүргін және Назарбаевтан қалған әдістер"Менің ойымша, Тоқаевтың адам құқықтары, демократизация, саяси жүйенің либерализациясы туралы айтуды азайтқаны тегін емес. Өйткені қазіргі режимде қандай да бір проблема жайлы сөз қозғалмаса, ол жоқ дегенді білдіреді. Осы логикаға салсақ, егер елде проблемалар туралы айтатын тәуелсіз БАҚ-тар болмаса, проблема да жоқ.
РЕСЕЙ МҮДДЕСІНЕ БАСЫМДЫҚ БЕРУ
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық аренада сөйлеген сөздері туралы айтсақ. 2022 жылы президенттің Санкт-Петербург экономика форумында сөйлеген сөзі баршаның есінде. Ол Қазақстан "ЛХР" және "ДХР" дегендерді мойындамайтынын мәлімдеді. Осыдан кейін көпшілік Тоқаевтың мықтылығы сонша, Путиннің өзіне қаймықпай қарсы келіп, оған ұнамайтын пікірін көптің көзінше айта алады, ал Қазақстан Ресейден іргесін аулақ салуға көшті деп ойлай бастады. Былтыр осыған ұқсас әңгімелер болды ма?
– Былтыр күзде Тоқаев ресми сапармен Германияға барғанда осыған ұқсас жағдай болды. Ол журналистердің алдында сөз сөйлеп, Қазақстан санкция режимін ұстанады, коммерциялық құрылымдардың Ресейге қатысты экономикалық санкцияларды айналып өтуіне мүмкіндік бермейді деді. Содан соң санкцияға қарсы шығуды доғарып, халықаралық құқықты сақтаудың мейлінше рационалды әдістерін пайдалану керек дегенді де айтты. Бұл жерде ол санкциялар шайқасы Батыстағы бизнес қауымдастыққа да, біздің аймақтағы, соның ішінде Ресейдегі бизнес құрылымға да тиімсіз деген ойды жеткізгісі келді.
Айтпақшы, менің ойымша, немістің бизнес қауымдастығы Қазақстан президенті мен неміс канцлерінің кездесуінде айтылған осы тезиске басымдық берілгенін қолдайды. Өйткені неміс компаниялары Ресей мен Украина соғысы басталғаннан кейін енгізілген санкциялардың салдарын көбірек тартып, мейлінше көп шығынға ұшырағандардың қатарында. Сөйтіп олар Қазақстанды осы бизнес-процестерді қалпына келтіре алатын ел ретінде қарастыра бастады. Әлбетте, одан бөлек немістер біздің ресурстарға да қызығады.
Қазақстан барынша көпвекторлы болып көрінуге тырысады, сөйте тұра біздің ішкі саясатта Ресейдің мүддесіне басымдық берілетіні ешкімге жасырын емес. Тіпті ресми құжаттардың өзінде Қазақстан Ресейді стратегиялық серіктес деп танитыны жазылған.
– Ресейдің мүддесіне басымдық берілетіні нақты неден байқалады?
– Былтырғы процестерден үш мысал келтірейін. Біріншісі – дәл сол Германияда, журналистерге арналған баспасөз конференциясында Тоқаев Қазақстан "Ресейге қарсы емес" деп мәлімдеді. Маңызды деталь: Тоқаев мұны қазақстандық ақпарат құралы "Қазақпарат" агенттігінің тілшісіне жауап беріп тұрып айтты. Президент әкімшілігі Кремльдің алдында "антиресейлік ел" болып көрінбеу үшін сұрақты та, жауапты да алдын ала дайындаған болуы мүмкін.
Екінші мысал: 11 индикаторды талдап, Economist журналы әзірлеген "Путин достарының тізімі" үш негізгі бөліктен тұрады. Біріншісі – әскери блок, онда көрсетілген елдер Ресейдің әскери одақтасы ма, олардың аумағында Ресей әскери базалары бар ма, олар Ресей қаруына тәуелді ме, өз аумағында Ресеймен бірге әскери жаттығулар өткізді ме деген сұрақтар қарастырылады. Екіншісі – дипломатиялық блок. Онда көрсетілген елдер БҰҰ Украинадағы соғысқа қатысты негізгі қарарларды қабылдаған кезде Ресейге қарсы дауыс берді ме, әлде оны қолдады ма деген сұрақтар қарастырылды. Үшінші блок энергетика мен экономика мәселелеріне арналған. Тізімде аталған елдер ресейлік газға иек арта ма, ресейлік АЭС-ке және атом технологияларына тәуелді ме, олардың жалпы тауар айналымында Ресеймен сауда үлесі қаншалықты деген сұрақтар қарастырылған. Сондай-ақ Украинамен соғыс басталғалы Ресеймен арада экспорт көлемі ұлғайды ма деген сұрақ та бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақстан емес, АЭС салуға Ресей ынтық". Сарапшымен сұхбатБұл тізімге 12 мемлекет кірді, Қазақстан – Тәжікстанмен және Иранмен бірге төртінші орында. Менің ойымша, бұл да Қазақстанның Ресейге геосаяси тұрғыда тәуелді екенін көрсетеді және мұның бәрі Қазақстанның сыртқы саясатынан байқалады.
Үшінші мысал – 2023 жылдың мамырында "Левада-центр" зерттеу тобы жариялаған сауалнама қорытындысы: ресейліктер Ресейдің үздік бес досы мен басты бес дұшпанын атаған. Ресейліктердің пікіріне сенсек, Қазақстан олардың Беларусь, Қытай және Үндістаннан кейінгі үздік бес досының бірі. Армения бесінші орында. Соған қарағанда ресейліктер жаңалықтарды, қазақстандық биліктің сыртқы саясаттағы шешімдерін және БҰҰ-дағы дауыс беру процесін бақылап отыратын болып тұр. Бұл жерде маңыздысы, "Левада-центр" сауалнамасында ресейліктер Қазақстанды қай жағынан да Ресейдің досы деп есептеген.
Елдің ішіндегі саяси процестерден біздің сыртқы саясатымыз – ресейшіл екенін көруге болады, оған қоса Қазақстанның саяси элитасында Ресейге бейімділік басым.
Қазақстан билігі мен билікке жақын сарапшылар саяси жүйенің либерализациясын Қазақстанның ұлттық мүддесіне қайшы келетін Ресейге қарсы немесе Қытайға қарсы саясат деп түсіндіреді. Ал, негізінде, бұл саяси ерік-жігердің жоқтығын, Назарбаевтың саяси мұрасын, яғни билікті бір адамның қолына шоғырландыратын авторитар режимді реформалауға қатысты нақты әрекеттер жасалмай жатқанын ақтап алу үшін жасалатын манипуляция. Егер "елбасыдан арылу" Назарбаевқа қойылған ескерткіштерді құлатумен, Назарбаев атындағы көше-даңғылдардың атын ауыстырумен, бірінші президент туыстарының қолындағы активтерді қайта бөлісумен шектеліп, жүйенің өзінде ешқандай өзгеріс болмаса, қазіргі президент пен оның төңірегіндегілер бұл процестің бенефициарына айналады. Бір адамға бағынатын авторитар режим барлық елде осылай жұмыс істейді.