Accessibility links

Ораз Жандосов: «Алтынбек марқұм екеуміздің оппозицияны тастап, билікке оралуымыз үшін Сергей Терещенко ақша ұсынған болатын»


Талдықорғандағы сотта оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевтың өліміне қатысы сот ісінде куәлардан сұрақ-жауап алу сәрсенбі күні одан ары жалғасты. Сәрсенбі күні түс қайта куә ретінде сотқа жауап берген Ораз Жандосов "былтыр, президенттік сайлау науқаны қызып тұрғанда, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Сергей Терещенко екі рет кездесіп , екеумізге он мың доллардан ақша уәде етіп, оппозицияны тастап, билікке қайтуымызға үгіттеп еді" деп мәлімдеді. Бұл мәліметті айыпталушы жақ өкілдері өз пайдасына шешіп, "біз оларды сондай бір кездесуге апарғанбыз" деп отыр. Ал Алтынбектің ағаларының бірі Рысбек "айыпталушылардың бұл уәжінің негізі жоқ" дейді.

Талдықорғандағы сәрсенбі күнгі сотта түстен кейінгі елді елең еткізген жаңалық - Алтынбек Сәрсенбайұлының әріптесі Ораз Жандосовтың айтқаны болды. Ол мәселе соттың «Алтынбек оқиға орын алар күнінің қарсаңында не ішіп, не жеп еді?» деген сұрағы мен «Алтынбек сіздермен қандай да кездесулері туралы сырларын ашық айтушы ма еді?» дегенінен басталды. Ішкен асы туралы деректердің қажеттігі - мәйіттерден алкогольдің ізі табылған, жеген тағамдарының арасында сәбіз барлығы анықталған. Бірақ, Алтынбек "ішсе тек аздап вино ішетіндігін", және сол күндері ішпегендігін, ал сәбіз қосылған тағамды оның жесірі Салтанат ол күндері жасамағандығы куәларды сұрастыру барысында анықталды. Сотта осыған қарап марқұмдар дәл сенбі күні емес, жексенбі күні өлтірілгені мүмкін деген болжамдар айтылады. Сонда олар бір күн бойы қайда болды деген заңды сұраққа жауап әзірге жоқ. Сәрсенбі күнгі соттан соң «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Ораз Жандосов өзінің сотта айтқандары туралы былай деді:

- Былтырғы қазан ба екен, қараша ма екен, сол екі айдың бірінде Алтынбек Сергей Терещенкомен кездесуге барған болатын. Президенттік сайлау науқаны қызып тұрған кез. Сол кездесуде Терещенко мырза оған былай депті: Назарбаевтың жеңетіні онсыз да түсінікті ғой, жеңілетін іспен айналысып не қыласыңдар? Сен және Ораз үкіметке (яғни билікке дегені ғой) қайтыңдар, бәрі ойдағыдай болады, келістіреміз". Міне, соған қосымша ретінде жиырма миллион доллар сыйлық па, төлем ақы ма білмеймін, соны ұсынғанын Алтынбек бізге айтып беріп еді.

Кезінде Қазақстан үкіметін басқарған, президентшіл "Отан" партиясының төраға орынбасары болып қызмет атқарған Сергей Терещенко мырза қазір де билікке етене жақын тұлға саналады. Сотта куә ретінде жауап берген Алтынбектің екінші серігі әрі кеңесшісі Айдос Сариев бұл айтылғандарды былай деп қортындылады:

- Менің ойымша, бүгінгі соттағы басты әңгіме - Ораз Жандосов айтқан Терещенкомен кездесу жайлы әңгіме. Бұл шынымен де осы істің саяси астары барын тағы да дәлелдеп отыр. Терещенко бекерден бекер кез-келген адамға «20 миллион доллар берейін, сен мына жұмысыңды қой, мынандай үлкен кісіге қарсы шықпа... анау-мынау» деген әңгімені бекерден бекер айтпайды деп ойлаймын. Ол Алтекеңнің шын мәнінде үлкен саяси өмірдегі оппозицияның, демократиялық күштердің арасында үлкен беделі бар екендігін және осы сайлауға қатысты жұмыстарды өзі жүргізгенінің әсері болуы керек... Содан қорыққан билік жаңағыдай тәсілдерді қолдануы мүмкін. Өз басым ертең Терещенконың не дейтінін қайдам, бірақ осындай кездесудің болғанын білемін, осындай әңгіменің болғанын мен де Алтекеңнен талай естідім. Менің ойымша, Терещенко президентке көмектесемін деп 20 миллион бере салатын азамат емес, демек онда биліктің бір ойыны шығар деп ойлаймын.

Ал Алтынбек пен Терещенконың кездескені рас екенін Алтынбектің ағаларының бірі Рысбек Сәрсенбайұлы да айтады.

- Сондай ақиқатты мынау қазір қамауда отырған айыпталушылар пайдаланғысы келеді. «Біз сондай кездесуге апармақшы едік» дейді олар. Ойлап қарайық: Терещенко неғып кездесуге «Арыстандықтарды» жұмсамады? Екі кездесуге де өзі келді. Демек кім де болса, биліктің тарапынан болған адам, кездескісі келген адам өз аяғымен келіп, кездесер еді. Керісінше, автоматпен «Арыстандықтарды», аңдушы қойып, соларды күштеп апартқызбас еді, - дейді Рысбек мырза.

Сонымен қатар Рысбек Сәрсенбайұлы сәрсенбі күнгі сотты түйіндей келіп, төмендегідей деген қортынды айтты:

- Бұл «жеке бір адамның бас араздығына бола тапсырыс берілді» деген алдын-ала тергеу қортындысын түбегейлі жоққа шығаратын жағдай болды. Бұл шын мәнінде саяси тапсырыспен болған. Алтынбек Сәрсенбайұлының қоғам қайраткері, оппозицияда жүрген саясаткер, оппозицияда жүргенде қазіргі билікке үлкен қауіп-қатер төндірген саясаткер екендігі көпшілікке белгілі. Көпшіліктің көңіліндегі «қылмыс оның саяси қызметіне байланысты жасалған» деген ойдың дұрыстығын бүгінгі сот барысы анық көрсетті деп айтуға болады.

Алайда айыпталушы жақтың жақтаушылары, керісінше, соттың екінші жартысында ешқандай да жаңалық болған жоқ деп отыр.

- Сәрсенбі күннің екінші жартысында сот еш нәтижесіз өтті. Мынау тергеу барысындағы іс-әрекет дұрыс жүргізілмегендігі себепті ондағы қортындылар дәлел ретінде алға тартыла алмайды, - деді айыпталушы Виталий Мирошниковтың жақтаушысы Виктор Семин.
XS
SM
MD
LG