Accessibility links

Қазақ тілінде кітап көбейді. Оқырман көп оқи бастады ма?


Кітап жәрмеңкесінде. Азаттық архивіндегі фото.
Кітап жәрмеңкесінде. Азаттық архивіндегі фото.

Қазақстанда кейінгі жылдары қазақ тілінде кітап шығаратын баспалар қатары едәуір кеңейді. Қазақ тілін дамыту үшін сапалы контент қалыптастыру керек, бұл орайда отандық авторлармен қоса, оқырман сұранысына ие әлем әдебиетінің озық үлгілерін қазақшаға аудару маңызды дейді баспа ісімен айналысып жүрген мамандар. Қандай әдебиетке сұраныс бар? Шетел әдебиетін қазақшаға аудару ісі қалай жүріп жатыр? Баспагерлер пікірін тыңдадық.

"ҚАЗАҚША КІТАПТАР НЕГЕ АЗ?"

Бір қарағанда, Қазақстанда қазір қазақ тіліндегі баспа ісі қарқынды дамып жатқандай көрінеді. Совет дәуірінен бар "Жазушы", "Мектеп", "Қазақ энциклопедиясы", "Өнер" сияқты баспалар қатары 1990-жылдары "Атамұра", "Фолиант", "Алматыкітап", 2000 жылы "Аруна" сияқты мекемелермен толықты. Бірақ 21-ғасырдың басына дейін қалың көпшілікке арналған қазақша әдебиет аз шығатын. Кейінгі жылдары нарықта пайда болған жеке баспалар қазақ тілінде кітаптарға көңіл бөліп, жағдай өзгере бастағандай.

Қазақстандағы 20 млн адамның қаншасы мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілінде сөйлеп-оқиды? Ресми мекемелер 80 пайыздан көп деген дерек айтады, бірақ шынайы көрсеткіш бұдан төмен деп санайтындар да бар.

Әйткенмен елде қазақша сөйлейтін жас буын өсіп жетіліп, қазақ тіліндегі сапалы әдебиетке сұраныс бұрынғыдан әлдеқайда артқанын ешкім жоққа шығармайды.

Ұлттық кітап палатасының мәліметінше, кейінгі бес жылда тіркелген қазақ тіліндегі кітап аталымы – 12 761. Былтыр таралымы 4,2 миллионнан асқан 4012 кітап пен кітапша атауы тіркелген.

Мамандар Қазақстандағы кітап басу көрсеткіші өте аз дейді. Мысалы, халқының саны Қазақстаннан 6,2 есе артық Жапонияда жыл сайын басылатын кітап аталымы 19 есе, ал Қазақстаннан 3,5 есе асатын халқы бар Ұлыбританияда 47 есе көп.

Кейінгі жеті-сегіз жылда нарықта жаңадан пайда болған "Мұқаба", Alma Books, "Мазмұндама", Steppe & World, Alqa Publishing, Marfu Press сияқты жеке баспалар түрлі бағытта әдебиет шығарады.

Мектеп оқулықтарын сатып алу үшін кезекте тұрған адамдар. Алматы 4 қыркүйек, 2013 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Мектеп оқулықтарын сатып алу үшін кезекте тұрған адамдар. Алматы 4 қыркүйек, 2013 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Қазақстанда ең көп басылатын кітап – оқулықтар. Мемлекеттен тапсырыс алатын "Мектеп", "Атамұра", "Алматыкітап" сияқты баспалар ондаған мың тиражбен оқулық шығарады, ал шағын баспалардағы кітап таралымы 1000-2000 дана төңірегінде ғана. Steppe & World баспасы директоры Раиса Қадырдың айтуынша, кітап өзін ақтау үшін кемінде 2000 дана сатылуы керек.

"Үкімет тарапынан қолдау болғанымен, басшылыққа кім келгеніне байланысты өзгеріп тұрады, ал біз сияқты баспагерлер бұл салаға қолдау тұрақты болғанын қалар еді", – деді Раиса Қадыр.

Қадырдың айтуынша, қазіргі кезде кітап дүкендеріндегі өнімнің 90 пайызға жуығы орыс тілінде. Алайда кей баспагер осының өзі үлкен ілгерілеу деп отыр. Мысалы, "Мұқаба", "Қасым кітапханасы" баспаларының негізін қалаушы Арман Әлменбет студент шағында кітап дүкендеріндегі өнімнің 99,99% орыс тілінде болғанын еске алды.

"Қазір қазақ тілінде жылына кемінде мың аталым жаңа кітап шығады. Бұл әжептәуір өсім ғой. Кітап дүкендері біртіндеп қазақшаланып келеді", – деді ол.

Баспа ісі саласында советтік жүйеден алыстауға отыз жылдан аса уақыт кетті дейді мамандар. Ал қазақ тілінде кітап шығару ісіне әлеуметтік жауапкершілікті сезінген азаматтардың бастамасы тың серпін берді.

Осы үрдіске қозғау салған баспагерлер әсіресе 2017-2018 жылдардан бастап "қазақша кітап неге жоқ, неге өзіміз шығармасқа?" деген ниетпен салаға жаңадан қосылған. Мысалы, Раиса Қадыр қазақша балалар әдебиетінің, Арман Әлменбет қазақ тілінде іскерлік әдебиет жоқтығына қынжылып, кәсіп бастағанын айтады.

"Қазақстанды дамыту үшін қазақ тілінің мазмұнын дамыту керектігіне көзім жетіп, сол сеніммен осы істі 2018 жылы бастадық", – деді "Мазмұндама" баспасының жетекшісі, кезінде таралымы көп қазақша газетте журналист болып істеген, кейін біршама уақыт мемлекеттік қызметте шенеунік болған Шыңғыс Мұқан.

АУДАРМАНЫҢ ЖҮГІ АУЫР

Арман Әлменбеттің айтуынша, қазақ тілінде кітап басу төрт бағытта жүруі мүмкін: ескі жақсы аударманы қайта басу, жаңадан аударма жасату, ескі классикалық шығармаларды және жаңа шығармаларды басып шығару, жұлдыз жасау. Осының ең қиынының бірі – жаңадан жақсы аударма жасау.

"Аудармамен айналысатын баспалар да аз, өйткені бұл көп уақыт пен ресурс талап ететін процесс: бір кітаптың құқығын алып, аударып, басып шығаруға кемінде бір жарым жыл уақыт кетеді", – деді Шыңғыс Мұқан.

Сол себептен де "Қасым кітапханасы", "Мұқаба" сияқты баспалар аудармаға көп тапсырыс бере бермейді.

Баян Хасанова
Баян Хасанова

"Алғашында шет тілдерінен кітап аударып басамыз деген жоспар болғанымен, біртіндеп бұл өте қымбат екенін, яғни кітаптың өзіндік құнын да көтеріп жіберетінін түсініп, аудармаға там-тұмдап баратын болдық", – деді "Алқа" баспасы бас редакторы Баян Хасанова.

Дегенмен әлемдік бестселлерлерді қазақ тілінде басу және оқуды дамытудың ұлттың келешегі мен қауіпсіздігі үшін маңызы зор деп есептейді Шыңғыс Мұқан

"Танымал кітаптардың қазақша нұсқасын алу арқылы кітаптағы білімді сіңіріп қана қоймай, келесі бір кітаптың қазақша аударылуына, демек қазақ тілінің болашағына, балаларыңызға инвестиция салып отырсыз, ал осындай кітаптарды орыс тілінде алсаңыз, орыс тілінде сөйлейтін халықтың болашағына инвестиция саласыз деп түсіндіремін", – деді ол.

Алматыдағы кітап дүкендерінің бірінде. 12 маусым, 2014 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Алматыдағы кітап дүкендерінің бірінде. 12 маусым, 2014 жыл. Азаттық архивіндегі фото

Steppe & World баспасы директоры Раиса Қадыр "Хәрри Потер" сияқты әлемдік бестселлер кітаптардың саудасы жақсы жүретінін айтып, бұл баспаның ғана емес, "әлемнен тыс қалмайық" деген оқырманның да тілегінің көрінісі деді. Баспагер қоғамда, желіде Букер сыйлығының, Нобель сыйлығының иегерлерін талқылау, әр аймақта кітап клубтары пайда болып, әдеби талқылау көбеюін де жақсы нышанға балайды.

Раиса Қадыр өздері шығарған 150-ге жуық кітаптың 80% балаларға арналғанын, бұл әдебиет ағылшын, неміс, француз тілдерінен де аударылатынын айтты.

"Ең үлкен кедергінің бірі – маман тапшылығы. Біз жылына 30-50 кітап басқанымызбен, күрделі, ірі кітаптардан жылына 8-10 аталым ғана шығара аламыз. Кітап мазмұнына жіті мән беретіндіктен, бір кітапқа екі жыл жұмсаймыз, егер кәсіби аудармашы, редактор, т.б. мамандар көп болғанда, көбірек кітап басу мүмкін болар еді", – деді ол.

Шыңғыс Мұқанның пікірінше, қазақ тілін дамыту үшін сапалы контент болуы шарт.

"Тілдің байлығы қанша сөз барымен емес, ондағы ақпарат қорымен есептеледі. Дамимыз десек, өзге халықтар өндірген Iphone мен Samsung ұстағанымыз сияқты, адамзаттың ақыл-ойын да өз тілімізге аударып беруге міндеттіміз әрі мәжбүрміз", – деді баспагер.

Шетел әдебиетін қазақ тіліне аударуды мемлекет те қолға алып көрген. 2004-2006, 2007-2009, 2009-2011 жылдар аралығында "Мәдени мұра" аясында 500-ден аса кітап 1,5 млн. астам тиражбен басылды. 2017-2020 жылдары "Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қоры "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" бағдарламасы аясында әрқайсысы 10 мың тиражбен жүк кітап басылып, жоғары оқу орындары мен кітапханаларға таратылды. Қос бағдарлама да негізінен философия, тарих, мәдениеттану, т.б. гуманитарлық саладағы ғылыми еңбектерді қазақшалауды мақсат етті.

"Мазмұндама", Steppe & World сияқты баспалар қазір қолға алып отырған кітаптар мұндай мемлекеттік бағдарламалар аясында ескерілмей қалған, көпшілікке арналған әдеби шығармалар. Мысалы, "Мазмұндама" осыған дейін шығарған 500-дей кітаптың жартысынан көбі аударма. Баспа "Қазақша жүз бестселлер" сериясы аясында Дейл Карнеги, Ли Куан Ю, Луиза Хей, Виктор Франкл, Ник Вуйчич сияқты авторлардың кітаптарын қазақшаға аударды.

"Хәрри Поттер" қалай қазақша сөйледі?
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:54 0:00

Steppe & World та 100-ден аса кітап аударып басты, олардың қатарында әлемдік балалар әдебиетінің үздік үлгілері, әйгілі "Хәрри Поттер" сериясы мен Роалд Далдың "Чарли және шоколад фабрикасы", "Матильда", Джеф Киннидің "Әлсіз балақайдың күнделігі", Джулия Дональдсонның "Ақын қоян", "Груффало" сияқты еңбектері бар. Бұған қоса, екі баспа да іскерлік, танымдық, көркем әдебиет шығармаларын аударған.

Әйткенмен, бұл кітаптар нарық сұранысын ескере отырып жарық көргенімен, көп табыс әкеліп жатқан жоқ деді баспа өкілдері.

"Бүгін аударған кітапты сатып, ертең аударылатын кітаптың шығынын жауып, бір-бірін әрең жалғап отырмыз. Бірақ біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп ойлаймын, өйткені табиғи дамыған сала ғана орнықты дамиды. Ал мемлекеттің интервенциясы болған салада тұрақтылық болмайды, өйткені қаржы тоқтағанда жоба да тоқтайды. Сырттан қарағанда үлкен бум болып көрінгенімен, әлемдік классика қаймағының өзінде қазақша аударылмаған кітап жетерлік", – деді Шыңғыс Мұқан.

ҚАЗАҚ ОҚЫРМАНЫНА НЕ ӨТІМДІ?

Баспагерлердің қай-қайсысы да ең көп өтетін кітап – совет дәуірінде жазылған танымал шығармалар дейді. Яғни, қазақ оқырманы "қазақ әдебиеті" деген ұғымды өткен ғасырда жазылған авторлармен байланыстырады, өйткені автор мен оқырман арасы 1990-жылдардан бастап үзіліп қалған деп түсіндірді мұның сырын.

"Біздің үлкен баспалардың оқулықтан кейінгі негізгі бағыты болып отырған классикалық қазақ әдебиетін шығару – ең оңай нәрсе. Біз де "Қазақ поэзиясы", "Қазақ прозасы" деген серияларды сату арқасында шетел әдебиетін аударуға кеткен шығынды жауып отырмыз. Өйткені шетел авторы мен танымал қазақ авторын қатар қойсаңыз, қазақ оқырманы көзтаныс автордың кітабын алады", – деді Шыңғыс Мұқан.

Алматыдағы кітап жәрмеңкесіндегі балалар әдебиетіне арналған бұрыш.
Алматыдағы кітап жәрмеңкесіндегі балалар әдебиетіне арналған бұрыш.

Баспагер Арман Әлменбет те осы ойды қуаттайды. "2014 жылдан бастап серіктесім Ерлан Әшім "әлем және қазақ классикасы кітап дүкендерінде неге жоқ, солар сөреде тұруы керек қой" деп айтып жүрген. 2019 жылы сол идеясын қайта айтты, сөйтіп "Мұқабадан" "Қасым" сериясының алты кітабын шығардық. Кейін "Қасым" бөлініп кетті, қазір онда 150-дей кітап бар", – деді ол.

"Қасым кітапханасынан" көбіне классикалық қазақ әдебиеті мен совет дәуірінде тәржімаланып, кейін басылмай кеткен әлем классикасының аудармасы жарық көреді. "Біз нарыққа араласқанда қазіргідей көп баспа болған жоқ, бұрыннан келе жатқан баспалардың өнімдері ресейлік кітаптармен салыстырғанда Toyota көлігінің жанына "Москвич" қойғандай еді. Замануи, әдемі дүние болмай тұрды. Сондықтан бұл кітаптарды дизайн әдемілігі, форматы, қағазы, версткасы жөнінен болсын, Penguin сияқты әлемдік баспалардың өнімімен қатар тұруымыз керек деген талаппен бастадық", – деді Арман Әлменбет.

Оның айтуынша, "Қасымның" ең көп сатылатын кітаптарына ортақ қасиет – оқырманын жылататын, сезімін тербейтін шығармалар екен. Баспагер ең өтімді кітаптар қатарына "Гауһартас", "Жабайы алма", "Қарғын", "Қар қызы", "Ай мен Айша", "Менің атым Қожа", Қаржаубай Омарұлының "Әкесін" және шетел әдебиетінен "Кішкентай шахзаданы" қосады.

ҮЗІЛГЕН ЖІПТІ ЖАЛҒАУ

Арман Әлменбет баспаның бір мақсаты – қазақ әдебиетінің жоғын түгендеп, үзілген жіпті жалғау екенін айтты.

"1980-жылдардың аяғында жазушылардың бір-бір кітабы шығып, жақсы оқылған, одан кейін ұмытылып кеткен. Мысалы, Қаржаубай Омарұлы, Қази Данабаев сияқты авторларды қайта шығардық. Сейітқұл Оспановтың балаларға арналған бір шығармасын "Ақ желкен" журналынан оқып, қатты қызығып едім, ұрпақтары басуға рұқсат бермеді. Осындай авторлар кітабы ұмытылған заманға тап болды да, шығармалары басылмады. Ал 1990-жылдары жазған көп автордың бірде-бір кітабы шықпай, газет-журнал бетінде шашылып қалды", – деген баспагер осылай назардан тыс қалған авторлардың кітаптарын шығарғысы келетінін айтты.

Марфуға Шапиян
Марфуға Шапиян

Marfu Press баспасының бас редакторы Марфуға Шапиян да "Жаңғырық" сериясымен қазақ руханиятындағы маңызды, бірақ кейінгі кезде көп басылмаған еңбектерді қайта басуды мақсат етеді.

"Бұл серия Дінмұхаммед Қонаевтың 1990-жылдардың басында шығып, кең таралған, бірақ кейінгі отыз жылда мүлде басылып шықпаған "Ақиқаттан аттауға болмайды" деген кітабынан басталды. Осыдан кейін Мағжан Жұмабаевтың "Педагогикасын", Жүсіпбек Аймауытовтың "Психологиясын" 1920-жылдардағы нұсқасы бойынша қайта бастық. Өйткені мұндай еңбектер 1990-жылдардың басында қайта басылған, бірақ көбі асығыс өңделіп, қысқарған нұсқада шыққан екен. Сол сияқты, "Абай жолын" 1942 және 1947 жылдары басылған алғашқы нұсқасында қайта бастық. Ең танымал романның көп сүзгіден өткен кейінгі нұсқасымен ғана таныс бүгінгі оқырман да, зиялы қауым да зор ықыласпен алды. Сол сияқты, биыл Шәкәрімнің "Мұсылмандық кітабын" қайта басып жатырмыз. Бұған дейін "Мұсылмандық шарты" деген қате атаумен 1990-жылдардың басында қысқарып шыққан екен, біз 1911 жылы Орынборда шыққан нұсқасымен басып жатырмыз, бұл нұсқадан Шәкәрімнің ірі исламтанушы, кей мәселелерде пәтуа беретін фатих ғалым екенін көруге болады. Сол сияқты, Сәкен Сейфуллиннің көп өзгеріп, қысқарған "Тар жол, тайғақ кешуін" алғашқы нұсқасында қайта басудамыз. Ілияс Жансүгіров, Жүсіпбек Аймауытовтардың 1929 жылы иллюстрациямен шыққан, балаларға арналған кітаптарын да қайта дайындап жатырмыз", – деді баспагер.

Мұхтар Әуезовтің "Абай" романының 1,2 кітаптары. 1942 және 1947 жылдары шыққан. Алматы, 25 шілде, 2012 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Мұхтар Әуезовтің "Абай" романының 1,2 кітаптары. 1942 және 1947 жылдары шыққан. Алматы, 25 шілде, 2012 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Ал әйелдерге арналған кітап шығаруға мамандануды мақсат еткен Alqa Publishing баспасы Нәзипа Құлжанованың "Қазақ әйелдеріне манифест" кітабын басып шығарды.

Баспаның бас редакторы Баян Хасанова: "Бізге "әйел-әйел дейсіңдер, Әуезов деңгейіне көтерілген жазушы әйел бар ма?" деген сұрақ қойып жатады. Біріншіден, бүгінге дейін жазушы болып қалыптасуға мүмкіндік тең болған жоқ, екіншіден, бар әйел жазушылардың өзінің насихаты болмады. Сондықтан әйел авторларды насихаттау, қолдау, оқырманға таныстыруға септесерміз деген мақсат қойып, қазақтың алғашқы лек жазушы қыздарынан бастауымыз керек деп шештік. Әдебиет зерттеушісі Айнұр Төлеудің ұсынысымен шыққан Нәзипа Құлжанованың еңбегі сұранысқа ие, жақсы өтіп жатыр, кейбір оқу орындары көптеп алды. Алдағы уақытта Алаш дәуіріндегі қыздар әдебиетін ортақ кітап етіп шығару керек пе, әлде жеке-жеке шығарсақ па деген ой бар", – деді.

ЖАҢА АВТОРЛАРДЫ ТАНЫСТЫРУ

Баян Хасанова "өзімізде әр салада эксперт деңгейіне көтерілген, жаңадан кітап жазатын авторлар барына көзіміз жетті" деді. Мәселен, баспа былтыр журналист, подкастерлер Бақытгүл Салықова мен Әйнел Әмірханның "Атың шықпаса подкаст жаса" деген кітабын шығарды. Сол сияқты, 2024 жылдың қаңтарында қазіргі заманғы қазақ әйелінің образын бейнелейтін повеске арнап "Алқа" грантын тағайындады.

Гүлзейнеп Сәдірқызының "Айбүбі" және Қанағат Әбілқайырдың "Жүректің көз жасы" шығармалары грантқа лайық деп танылып, Айым Алтайқызы "Ақзер" шығармасымен "Жаңа автор" номинациясын жеңіп алды. Alqa Publishing осы үш автордың повестерін жеке кітап етіп шығаруға дайындап жатыр. Сол сияқты, биыл "Жас қалам – жаңа роман" жобасы аясында Қанат Әбілқайырдың "Ағыраптағы аты жоқ адам", Әлібек Байболдың "Мұтылған", Мақсат Мәліктің "Абыл мен Қабыл" романдары да жарық көрген.

Баспагер Марфуға Шапиян да кей тақырыптарда тапсырыс беріп кітап жаздыра бастағанын айтты.

"Аударма да, бұрынғы кітаптарды шығару да жақсы, бірақ жаңа кітаптар жаздыруға ден қою керек. Соның уақыты келді", – деді ол. Marfu Press осыған дейін Хадиша Ермекқызына "Ана болуға дайындық" кітабын тапсырыспен жаздырған.

"Мұқаба" мен "Қасым кітапханасының" жетекшісі Арман Әлменбет те қазіргі қазақ баспаларына осы, жаңа авторларды жұлдыз жасау бағыты жетіспей жатыр, бірақ түбі нарықтың осыған қарай ойысып келе жатыр деген пікірде. Өйткені қазіргі таңда баспалар арасында авторлық құқық үшін талас жүріп жатыр, "мұның бәрі бәсекенің көрінісі, салада бос жер қалмай барады" деді ол.

ҚАЗАҚША КІТАПҚА СҰРАНЫС ҚАНДАЙ?

Раиса Қадыр кітап саудасына қоғамдағы жағдай тікелей әсер ететінін байқағанын айтты. Биыл көктемде елдің бірнеше өңірінде болған су тасқыны, азаматтық некедегі әйелін сабап өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаев ісі сияқты жағдайлар кітап саудасына кері әсер етті деді ол.

"Кейін, "Хүгге", "Махаббаттың қырық қағидасы" сияқты көңілді тыныштандыратын кітаптарымыз шығып, жақсы сатыла бастады. Пандемия кезінде көбіне аударма процестері жүрді, көп кітап басып шығара алмадық, кейінгі үш жылда ілгерілеу бары анық байқалады", – деді Раиса Қадыр.

"Қасым кітапханасында" – 150, "Мұқабада" оншақты кітап бар, егер қазақша кітап өтпейтін болса, біз сияқты баспаның бәрі жабылып қалатын уақыт болды ғой",– деді Арман Әлменбет. Айтуынша, 2017-2018 жылдары қазақ тілінде не шықса да өтетін, кітаптың шығынынан жеті есе көп табыс табатын кездер болған.

"Кейін блогерлер де кітап деген әрі мақтан, әрі бизнес екенін түсініп, әрқайсысы кітап шығарып, оны сатып алғандар арасында үй, көлік тігіп ойнатып, табыс таба бастады. Мысалы, "Мұқабаның" алғашқы өнімі "Күнделікті" шығарғанда типографияның жұмысына көңілім толмай, осыны өртеп жіберем бе деп те ойлағам. Бірақ жұрт талап алды. Қазіргі кітаптар ондай табысты болмағанымен, әрісі екі-үш есе пайда түсіреді", – деді Арман Әлменбет.

Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасындағы кітаптар. Алматы, 7 ақпан, 2020 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасындағы кітаптар. Алматы, 7 ақпан, 2020 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

Баспагер демографиялық өсімге я басқа себептерге байланысты қазақ тіліндегі өнімдерге сұраныс артқанын айтады.

"Қазақ тіліндегі кітаптарды біз кешігіп, 2017 жылы ғана ұсындық, оның алдында да сұраныс болған ғой. Отандық жекеменшік телеарналардың бірінде істеген таныс жігіт сол арнада орыс бөлімін жауып тастағанын айтқан еді, өйткені көрермен орысшаны ресейлік арналардан көреді, өз арналарымызда қазақ тіліндегі контентке сұраныс көбейген. Маркетингте де орысша контент жасайтындардың өзі жарнамасын қазақша беріп жүргенін байқаймын, өйткені қазақша жарнама өтеді. Баяғыда орыс театрында адам толып отырады екен деп аузымыздың суы құритын, қазір қазақ театрларына билет алдын ала сатылып кетеді, қазір Қазақстанда орыс тілінде ән жазылмайды да деп айтуға болады. Жалпы қазақ тіліндегі контентке сұраныс тудырған буын келді. Кітап саласында енді саннан сапаға көшетін дәуір келе жатыр, өйткені айтылған сыннан кейін кітап сұрыптала бастады, соған қуанамын", – деді Арман Әлменбет.

Әлеуметтік желіде өз аудиториясы қалыптасқан баспагер, журналист Марфуға Шапиян "Кітаптың маңызын, құндылығын түсіндіре білсек, ол кітап міндетті түрде өтеді" деп есептейді.

"Осыған дейін "Абай жолын" үш рет бастық, бес мыңға жуық тиражы сатылды. "Жаңғырық" сериясы, ондағы "Педагогика", "Психология" сияқты кітаптар неғұрлым жақсы жарнамаланды, жақсы сатылды. "Тұлғалар өміріндегі ислам" деген кітабымның таралымы 20 мыңның төңірегінде. "Кітап деген өзін ақтамайтын бизнес" дегенге келіспеймін, өйткені осы бизнеспен күн көріп отырмыз. Пайда болмаса бұл салада ешкім жүрмес еді. Қазір халықтың жағдайы түзеліп, рухын азықтандыруды ойлай бастаған секілді. Соған сай баспагерлердің ісі оңға басып жатыр", – деді ол.

Кітап фестиваліндегі Абай Құнанбайұлының өлең жинақтары мен ақынға арналған кітаптар. Азаттық архивіндегі фото
Кітап фестиваліндегі Абай Құнанбайұлының өлең жинақтары мен ақынға арналған кітаптар. Азаттық архивіндегі фото

Қазір елуге жуық қызметкері бар "Мазмұндама" 2050 жылға дейін 10 мың атау кітап шығарғысы келеді. Баспа жетекшісі биыл 150 кітап шығарамыз деген межеге 9 айда жеткенін айтты.

Қазақ тіліндегі баспа ісі кітап басу мен сатып алудың ғана емес, қазақ тіліне қатысты орфография, лексикология, терминология, аударма, т.б. маңызды мәселелер күн сайын талқыланып, шешіліп жатқан сала. Қазақ тіліндегі совет дәуірінен сіңген олақ аудармалардан арылу да сондай көкейкесті мәселелердің бірі.

МЕМЛЕКЕТ ПЕН БАСПАГЕР

Шыңғыс Мұқанның айтуынша, Қазақстандағы қазіргі салық жүйесі баспагерлерге қолайлы, өйткені тұтынушыға тікелей сатса 4%, заңды тұлғаға сатса 8% көлемінде ғана салық төлейді. Оның пікірінше, мемлекет қазақ тілінде кітап шығаратын баспагерлерге көмектесемін десе, оның жалғыз ғана жолы – қазіргідей кітап басуға ақша бөлу емес, басылған кітапты сатып алу.

Шыңғыс Мұқан
Шыңғыс Мұқан

"Жыл сайын кітап басуға бөлінетін қаражатты бір топ ақсақал отырып өзара бөліп алады да, баяғы кітаптарын қайталап шығара береді. Айталық, біз биыл 150 аталым кітап бастық дейік. Елімізде 7000 мектеп, 3000 кітапхана бар, мемлекет әрқайсына бір-бір кітаптан алса, әрқайсы 10 мың тиражбен шығар еді. Қазір біз кітаптардың алғашқы басылымын бір мың тиражбен шығарамыз. Кей кітаптар 3000-4000 данадан өтеді, кейбірі 300-400 данадан өтеді, орта есеппен бір кітаптың 900 данасы сатылған екен. Егер мемлекет әр кітапқа тапсырыс берсе, саудадағы кітаптың бағасы да арзандайтын еді", – деді ол.

Alqa Publishing өкілі Баян Хасанова да баспалар ісіне кітаптың таралымы тұсау салып отыр деп есептейді. "Алғашқы кітапты жүрексіне, 500 данамен шығарғанбыз, ол жарты жылда өтіп кетті. Одан кейін де бірнеше кітап шығардық, соңғы екі кітап таусылып қалып, қайта басылды. Әсіресе қалың оқырманға арналмаған салалық кітаптар ұзақ сатылады" деді ол.

"Мұқаба" мен "Қасым кітапханасы" да мемлекеттік тапсырыс алып көрмегенін және кітапты оқырманға, басқа бизнеске жеткізгенімен, үкіметке жеткізу бағытында жұмыс істемегенін айтты. Сол себепті де "Дайағашшы", "Құдатғу білік", "Батпақтағы бақытты ел" сияқты қалың бұқараға арналмаған кітаптарының тиражы аз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG