"ЖҮЛДЕСІЗ ҚАЙТПАЙМЫН ДЕГЕН МАҚСАТЫМНАН ҚАЙТПАЙМЫН"
– Барлық фокусты Париж олимпиадасына қойып, қызу дайындалып жатырмыз. Олимпиадаға тек жеңіс үшін баратынымды айтқанмын, жеңілісті ойлап жүрген жоқпын. Медальсыз қайтпаймын деген мақсат қойғанмын, сол мақсатымнан да қайтпаймын, – дейді Париж ойындарына дайындалып жатқан Абиба Әбужақынова Азаттыққа.
Қазір Қазақстанның ерлер құрамасы олимпиадаға Испанияда, ал әйелдер құрамасы Қазақстанда дайындалып жатыр. Әйелдер құрамасы мамырда Хорватияда дайындалып қайтқан.
Қазақстаннан Париж олимпиадасына 8 дзюдошы (максимум 14 салмақ) қатысады.
Парижге баратын қазақстандық дзюдошылар
- Ерлер: Елдос Сметов (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшиев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Нұрлыхан Шархан (100 кг).
- Әйелдер: Абиба Әбужақынова (48 кг), Эсмигүл Куюлова (63 кг), Кәмила Берліқаш (+78 кг).
Испанияда жаттығып жатқан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов жолдама алған бес жігіт олимпиадаға дайын деп мәлімдеді.
– Ерлер құрамасының олимпиада алдындағы көңіл-күйі жақсы. Испаниядағы дайындықтан соң елге оралып, одан кейін Парижге ат басын бұрамыз. Спортшылардың барлығы олимпиадаға дайын. Ерлер құрамасы олимпиададан бір медаль жоспарлап отыр, – деді ол Азаттыққа.
Қазақстандық белгілі дзюдошы 31 жастағы Елдос Сметов қатарынан үшінші олимпиадасына қатысады. Ол – 60 келіде 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы, 2015 жылғы әлем чемпионы, 2016 жылғы Рио олимпиадасының күміс, Токио-2020 олимпиадасының қола жүлдегері.
60 келіде олимпиадаға Қазақстаннан үш балуан – Елдос Сметов, Мағжан Шамшидин, Нұрқанат Серікбаев баруға үмітті болған. Бірақ әр ел бір салмақта олимпиадаға бір ғана дзюдошы апаратын болғандықтан елдің дзюдо федерациясы үш балуан арасында спарринг кездесу өткізген. Сметов екі қарсыласын жеңіп, Парижге бару құқығын иеленген еді.
Бұдан бөлек, 48 келіде 2022, 2024 жылғы әлем чемпионатының қола медалін, 2022 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдесін алған Абиба Әбужақынова алғашқы олимпиадасына барады. Әбужақынова қазір 48 келіде әлемдік рейтингте үшінші орында тұр.
ҮМІТ КІМДЕ?
Азаттық сөйлескен сарапшылар да, спорт министрлігі де дәл осы Сметов пен Әбужақыновадан медаль күтеді. 28 маусымда Астанадағы брифингте спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев осы "екі атақты спортшыны" атап өткен.
Ал дзюдошылардың олимпиадаға дайындығынан хабар таратып жүрген спорт журналисі, "Спорт министрі" ютуб-каналының авторы Аслан Қаженов "Сметовке Парижде өте қиын болады" деп санайды.
– Медаль болар, бірақ қандай медаль болады деген сұрақ шығады. Кемі бір қолаға, соның ішінде Абибада үміт бар. Елдосқа бұл жолы қиын болады. Бірақ мемлекет тарапынан дзюдоға көп қаржы бөлініп жатыр. Сондықтан олардың медаль әкелуі – міндет, – дейді ол.
Осы спорт түрін бақылап, статистиканың жүргізіп жүрген дзюдо шолушысы Әлихан Түйебай Елдостан да, Абибадан да медаль күтуге болатынын айтады. Бірақ ол да Сметовке қиын тиеді деп есептейді.
– Елдос бұрынғыдай жас емес, жарақаттары да бар. 60 келіде бәсеке жоғары. Сондықтан көп жайт жеребеге де байланысты болады. Ал әйелдер құрамасы тек Абибаға арқа сүйеп отыр. Шынымен, оның мүмкіндігі жоғары. Екі рет әлем чемпионатында қола алды, Азия ойындарында күміс иеленді. Бірнеше жылда әлемдік жарыстарда онға жуық медаль алды. Төрт жылда бүкіл ерлер құрамасы бір Абибадай осыншама медаль жеңген жоқ, – дейді ол.
Сарапшылар Сметовтың басты қарсыластары деп 2024 жылғы әлем чемпионы Георгий Сардалашвилиді (Грузия), 2022 жылғы әлем чемпионы Рюдзю Нагаяманы (Жапония), Еуропа чемпионы Лука Мхеидзені (Франция) және 2022 жылғы Азия ойындарының чемпионы Ян Юнвейді (Тайпей) санайды.
Бұрын өзі дзюдо құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы болған Жандос Қоныспаев Сметов рейтингіде бұл спортшылардан төмен тұрса да, Парижде фавориттердің бірі болады деп отыр.
– Сметовтің кейінгі екі-үш айда нәтижелері жақсарып келеді. Өз басым, Елдостан тек алтын күтем. Одан мен ғана емес бүкіл халық алтын күтеді деп ойлаймын. Елдос оны өзі де сезеді. Ол әлемдегі ірі жарыстардың бәрінде алтын алды. Енді тек олимпиада алтыны жетіспей тұр. Елдос рейтингіде үздік сегіз спортшының қатарында жоқ (22-орында тұр). Сондықтан ол бірінші-екінші кездесуде лидерлердің бірімен белдеседі. Сол кездесуде жеңіп алса әріқарай жол ашылады деп топшылаймын, - дейді ол.
Ал дзюдодан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов жолдама алған бес жігітке де үміт артады.
– Бәріне үміт артамын. Ешкімді бөліп жарғым келмейді. Әрине, Елдос Сметовтің тәжірибесі өте мол. Елдосқа да үміт өте зор. Құдай бұйыртса, [медаль] болады, – дейді ол.
Әбужақынованың басты қарсыластары 2024 жылғы әлем чемпионы Баасанхуу Бавуудоржийн (Моңғолия), әлемдік рейтингтің лидері Ассунта Скутто (Италия), 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ширин Букли (Франция), 2021-2023 жылдары әлем чемпионы болған Нацуми Цунадо (Жапония), сербиялық Милича Николич, 2024 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Тара Бабулфат (Швеция), португалиялық Катерина Кошта болмақ.
Әлихан Түйебай әлемдік рейтингіде үшінші орында тұрған Абибаның олимпиадаға лидерлердің бірі болып баратынын, жарысты екінші айналымнан бастайтынын айтады.
– Абиба олимпиадаға қатысатын барлық қарсыласын жақсы біледі. Көбімен күресіп жүр. Көбін жеңген де, жеңілген де. Әлем чемпионы болған моңғолиялық балуанды да бір рет жеңген. Тек жапон балуанын жеңе алмай жүр, – дейді ол.
Ал Абибаның өзі Азаттыққа алғашқы айналымдарда кездесуі мүмкін Сербия, Португалия, Моңғолия, Швеция балуандарына дайындалып жатқанын айтты.
НЕГЕ СМЕТОВ ПЕН ӘБУЖАҚЫНОВАДАН ҒАНА ҮМІТ КҮТЕДІ?
Азаттық тілдескен сарапшылар дзюдо құрамасы олимпиадаға сегіз балуан апарса да, тек екеуінен үміт күтудің себебін бәсекенің аздығымен және ғылыми кешенді дамудың жоқтығымен түсіндіреді.
Дзюдо сарапшысы Әлихан Түйебай ерлер арасында 60 келіде, әйелдер арасында 48 келіде ғана бәсеке жоғары дейді. Оның сөзінше, 60 келіде олимпиада алдында ел ішінде үш спортшының арасында іріктеу турнирінің өтуі осыған дәлел.
Сондай-ақ 48 келіде Әбужақыновадан бөлек биыл Астанада өткен Grand Slam жарысының алтын жүлдегері, биылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Ғалия Тынбаева бар.
Ал Аслан Қаженов лидерлер Сметов пен Әбужақынованың Қазақстан чемпионатынан жиі босатылатыны да бәсекеге әсер етеді деп біледі.
– Мықты спортшылардың ел чемпионатына қатыспауы ішкі бәсекелестікті төмендетеді. Жас балуандар лидерлермен күреспесе қалай шеберлік шыңдайды, қалай мықтылығын қалай шыңдайды? – дейді ол.
Біраз уақыттан бері дзюдошылардың дайындығын бақылап жүрген Қаженов дзюдо құрамасында "ғылым мен медицина жоғын" байқаған. Қазір дзюдодан ерлер құрамасында бір дәрігер, әйелдер құрамасында бір ғана дәрігер бар. Бұдан бөлек, екі құрамада бір психолог қана жұмыс істейді.
– Бір-бір дәрігер өте аз. Мәселен, бокста кешенді ғылыми топ жұмыс істейді. Дзюдода жарыс көп. Балуандар екі апта сайын жарысқа барады. Салмақ қуады, салмақты ұстау үшін тамақ ішпейді. Бұл ағзаға зиян ғой. Балуандарға түсетін ауырлықты есептеп жатқан ешкім жоқ-ау. Сондықтан құрамаға психолог, диетолог, фармакологтар да керек. Осы мәселені шешпесе, дзюдо құлдырай береді, – дейді ол.
Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев Азаттыққа құраманың дайындығына ғылыми-медицинаны қосу жоспарда бар деп мәлімдеді.
– Алда ұлттық құрамадағы дәрігерлердің санын көбейту жоспарда бар. Дәрігерлердің санын көбейтіп қана қоймай, олардың сапасын да қарауымыз керек. Басқа салмақтағы бәсекені арттырып, ғылыми медициналық тұрғыда дамыту үшін кешенді жоспарымыз да бар. Керекті дәрігер, психотерапевт, фармаколог және басқа қажетті мамандарды іздестіргенде барлық жағынан талдау жасайтын боламыз. Париж олимпиадасын кейін спорт министрлігімен, спорт комитетімен, спортты дамыту дирекциясымен талдау жұмыстарын жүргізіп, шақырылатын мамандардың деңгейін бағалап, жоспарын жасаймыз. Келесі кезекте тұрған жоспарымыз – осы, – деді федерация өкілі.
Ал спорт сарапшысы Аслан Қаженов "олимпиадаға баратын басқа спортшылар медаль алмайды деп мысын басып тастағымыз келмейді. Олимпиада – сенсациясы көп, күтпеген нәтижелер болатын жарыс. Фавориттер жеңіліп, медаль күтпегендер суырылып шығып жатады. Сондықтан дзюдошылардың бәрінен үміт күтеміз" деп қорытындылады сөзін.
ПІКІРЛЕР