АЛАҢ, АУДИТОРИЯ, КОНФЕРЕНЦИЯ
Биылғы күз Қазақстанда Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған түрлі шаралармен ерекше есте қалды.
Жазушының туған күні Достық үйінде оның шығармашылығы жөнінде ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Оған қатысқандар Кемел Тоқаевтың шығармалары әлі күнге өзектілігін жоймағанын айтып, жазушыны қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы деп атады. Жиынға қатысушыларға ел президентінің құттықтау хатын оқыған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Кемел Тоқаевты "қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылатын құнды қазына" екенін айтты.
Қазанның аяғында президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкесінің туып-өскен жері – Жетісу облысына арнайы барды. Ол Кемел Тоқаев атындағы мектепте болып, жазушының жеке заттары қойылған музей кабинетті көріп, әкесінің портреті алдында оқушылармен бірге суретке түсті.
Президент барғанға дейін Үштөбе қаласында Кемел Тоқаевтың есімі берілген жаңа алаң пайда болды. Алаңға кітап пішініндегі ескерткіш орнатылды.
Тоқаев Үштөбеге бармай тұрып Алматыдағы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кемел Тоқаев атындағы аудитория ашылған. Жоғары оқу орнында өткізілген жазушының шығармашылық қызметіне арналған талқылауда президенттің атына да жылы сөз айтылды.
"Кемел Тоқаев ағамыз ұлы мемлекетіміздің басшысы, БҰҰ-да [төрағаның] орынбасары, Сенат төрағасы болады, үкіметімізді басқарады деп ойламады да", – деді әл Фараби атындағы университеттің ректоры Жансейіт Түймебаев сөзінде. "[Аруағы] бір аунап түскен шығар деп ойлаймын" деді ол 1986 жылы қайтыс болған жазушы туралы сөзінде.
Бірақ Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде баласы көп жыл жоғары лауазымды қызметтер атқарғанына қарамастан, Кемел Тоқаевтың есімі қатты танымал болған жоқ, мысалы Мұхтар Әуезов сынды атақты жазушылармен салыстыруға келмейтін. Совет дәуірінен кейінгі буын арасында да оны білетіндер шамалы. Азаттықтың сауалына жауап берген Қазақ ұлттық университетінің студенттері ондай жазушыны танымайтынын, немесе оның шығармашылығынан бейхабар екенін айтты. Сарапшылар Назарбаев тұсында елде "жағымпаздану жарысы" кеңінен етек алғанын айтады.
Азаттық университетте жаңа аудиторияны ашу рәсімі аяқталғаннан кейін ректор Түймебаевқа "Кемел Тоқаев президенттің әкесі болмағанда, дәл осындай аудитория ашылар ма еді? Бұл жеке басқа табыну емес пе?" деген сұрақ қойған. Бұл сұрақ ректорға да, қасындағы адамдарға да ұнамай қалды.
Түймебаев "Мақсатыңыз не?" деп журналистің өзіне қарсы сауал қойды.
"АЙРЫҚША ОРТАДАҒЫ ТӘРБИЕ"
Қазақстанда 2022 жылы болған Қаңтар оқиғасын мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс және өзін президент қызметінен тайдыру әрекеті деп атаған Тоқаев шенеуніктердің басшыны шектен тыс мадақтауға жаны қарсы екенін айтқан. Басшының жеке басын дәріптеу дәстүрі Тоқаевқа дейін отыз жылға жуық ел басқарған Назарбаевтың тұсында қалыптасқан.
"Ондайды жаратпаймын. Мен мақтау-мадақтан ада айрықша ортада тәрбиелендім… Ондай сөздерге өмірлік, табиғи иммунитетім бар деп айтар едім", – деді Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін "Хабар" мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында.
"Бірақ кейде біздің интеллигенцияны өзгерте алмайсың" деді ол қынжылғандай болып.
Тоқаевтың өзі де интеллигенция ортасынан шыққан. Советтік Қазақстанның астанасы болған Алматыда туып-өсті, қала орталығындағы мектепте білім алды. Оны тәмамдағаннан кейін Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына түсіп, көбіне партия шенеуніктерінің балалары оқитын осы оқу орнын бтіріп шықты. Ол дипломат қызметін Совет одағының Сингапурдегі елшілігінің қызметкері болудан бастап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін сыртқы істер министрлігін басқарып, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры лауазымына дейін көтерілді.
2013 жылы Тоқаев Қазақстанға оралған соң, президент Назарбаев оны парламенттің жоғарғы палатасының мүшесі етіп тағайындап, Тоқаев Сенат төрағасы лауазымын иеленді. Яғни, Конституция бойынша мемлекеттік жоғары биліктегі екінші адамға айналды. Арада алты жыл өткенде Назарбаев президенттік өкілет мерзімі аяқталмай қызметтен кетіп, орнына Тоқаевты қалдырды.
Қазір жасы 70-тен асқан Тоқаев 83 жастағы бірінші президентпен салыстырғанда байсалды басқару стилін ұстануға тырысатындай болып көрінеді. Әйткенмен бұрынғы президент тұсында ол да басшыға мақтау мен мадақ арнаған көптің бірі болған.
2019 жылғы 20 наурызда президент міндетін атқарушы ретінде ант бере сала, өзін осы орынға қалдырған адамның құрметіне мемлекет астанасының атауын Нұр-Сұлтан етіп өзгертуды ұсынған да Тоқаевтың өзі болатын.
Бірақ 2022 жылы қаңтарда тәуелсіз Қазақстан тарихиында бұрын-соңды болмаған жаппай саяси толқулардың аяғы ойран мен қантөгіске ұласып, көп адам қаза тапқаннан кейін Назарбаевтың жеке басын дәріптеу желі шыққан бүйендей солып қалды. Талдықорғанда үкіметке наразылық білдіріп алаңға шыққан жұрт Назарбаевтың елдегі ең үлкен ескерткіштерінің бірін құлатты. Қаңтар оқиғасынан кейін бір жылдан астам уақыт өткенде ел астанасына бұрынғы атауы қайтарылды.
Назарбаев өзі билікте отырған кезде заң жүзінде бекітіп, Конституцияға енгізіп қойған, жеке басына артықшылық беретін "елбасы" деген айрықша мәртебесінен айырылды. Оның отбасы мүшелері мен туыстары табысы мол, ықпалы күшті лауазымдардан босатылды. Былтыр бұрынғы президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды мемлекет мүлкін талан-таражға салған деген айыппен түрмеге қамалды.
ШЫҚПАҒАН МЕДАЛЬ, ЗЫМ-ЗИЯ БОЛҒАН БЕЙНЕРОЛИКТЕР
Кейінгі отыз жылға жуық уақыттың ішінде осының бәрін көрген жұрттың көбі Қазақстанда жеке басын дәріптейтін жаңа біреу шықты дегенге кекесін-мысқылмен қарайтыны сондықтан. Әйткенмен, Тоқаевтың өзі айтқандай, ескі әдет әлі күнге бой бермей келеді.
Бюджет шығынын бүге-шігесін қалдырмай есептеумен айналысатын ProTenge басылымы биыл шілде айында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ақысын төлеген және жиынтығы 10,5 мың долларға жуық ақша жұмсалған үш қысқа бейнероликке назар аударды.
Оларда Тоқаевты шешендік өнері керемет, есте сақтау қабілеті ғажап, "энциклопедиялық білімі бар", бес тілде сөйлейтін тұлға ретінде сипаттап, мақтауын асырған.
Әлгі роликтерді жариялаған аймақтық БАҚ, ProTenge басылымы жазғаннан кейін іле-шала оларды youtube-каналынан алып тастады.
ProTenge басылымының жазуынша, ол видероликтерге қызығушылық қатты болмаған: бірнеше мың рет қана көріліп, жұрт бірнеше сыни пікір қалдырған.
Тамыз айында Қасым-Жомар Тоқаевқа бағынышты шенеуніктер тағы бір шаруаны қолға алды: Жетісу облысында жергілікті билік Кемел-Тоқаевтың суреті салынған 50 кілем мен оның бейнесі бедерленген 200 медаль жасауға тендер жариялады.
Бірақ тендер туралы ақпарат Liter.kz жаңалықтар сайтына шыққан соң көп ұзамай ондай деректер мемлекеттік сатып алулар сайтынан ізім-ғайым жоқ болды.
Нұрсұлтан Назарбаев билік басында болған кезде жер-көктегі дүниенің бәрі "нұрланған" сөзге толып еді, енді көшеде "кемелденген" жарнама жиі көзге түсетін болды деп мысқылдайды әлеуметтік желі қолданушылардың кейбірі.
"Бұл үрдіс біздің баяғыдан бар дерт – жағымпаздықтан жазылмағанымызды көрсетеді" дейді саясаттанушы Дос Көшім Азаттық тілшісіне.
"Бұл масқара ұят нәрсе", — дейді ол.
ПІКІРЛЕР