Accessibility links

Марғұлан Сейсембаевтың екінші эмиграциясы


Қазақстандық бизнесмен Марғұлан Сейсембаев семинар өткізіп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.
Қазақстандық бизнесмен Марғұлан Сейсембаев семинар өткізіп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

Тергеу орындары жауап алуға шақырғаннан кейін шетелге кеткенін мәлімдеген Марғұлан Сейсембаев "БТА банктен ақша ұрлаған" деп айыпталған бұрынғы бизнес-әріптесі Ескендір Ерімбетов шетелде қуғында жүрген Мұхтар Әблязовтың серігі саналатын адамға қысым жасау мақсатымен тұтқындалған болуы мүмкін деп санайды. Ол өзі мен отбасының қауіпсіздігіне кепілдік берілсе ғана елге оралатынын айтады.

ТАҒЫ ДА ЭМИГРАЦИЯ

Қазақстандық бизнесмен Марғұлан Сейсембаев тергеу органдары оны "БТА банктен қаржы жымқырған" деген күдікпен тұтқындалған Ескендір Ерімбетовтің ісіне байланысты жауап алуға шақырғаннан кейін елден кетіп қалған. Бұл туралы қаңтардың 10-ы күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған постында ол "бірталай уақыттан бері" шетелде тұратынын, егер "өзі және отбасының қауіпсіздігіне кепілдік" берілсе Қазақстанға оралуға әзір екені туралы мәлімдеген. Әлеуметтік желідегі жазбасын теңіз жағасында тұрған суретімен бірге жариялаған бизнесмен қай елде тұрып жатқанын айтпаған.

Марғұлан Сейсембаев Қазақстанда "БТА банкінен ақша жымқырған және заңдастырған" деген күдікпен үстінен іс қозғалған бұрынғы бизнес әріптесі Ескендір Ерімбетовті тұтқындаудағы шынайы мақсат - оның туысын қазір Еуропада тұрып жатқан, Қазақстан соты сырттай 20 жылға соттаған бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовқа қарсы куәлік беруге көндіру болуы мүмкін деп жорамалдайды.

"Шын мәнісінде, менің пікірімше, оны [Ескендір Ерімбетовті] Әблязовтың заңгері болып істеген қарындасы Бота Жәрдемәліге бола тұтқындаған, өйткені Қазақстанда Ескендірдің айрықша бизнес-жобалары жоқ. Осылайша, тергеу орындары Бота Жәрдемәліні Әбілязовқа қарсы куәгер еткісі келеді. Бірақ бұл менің жорамалым", - дейді Марғұлан Сейсембаев.

Ол Қазақстанның тергеу орындарының қояр сұрақтарына "скайп арқылы қашықтан жауап беруге" әзір екені туралы мәлімдеген.

Тергеу абақтысында отырған Ескендір Ерімбетовтің өз қолымен жәрдем сұрап жазған арызы. Хат соңында "25 желтоқсан 2017 жыл" деп көрсетілген.
Тергеу абақтысында отырған Ескендір Ерімбетовтің өз қолымен жәрдем сұрап жазған арызы. Хат соңында "25 желтоқсан 2017 жыл" деп көрсетілген.

Қазақстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен жедел тергеу тобы өткен жылы 13 қарашада ұстаған 46 жастағы Ескендір Ерімбетов содан бері тергеу абақтысында отыр. Онымен бірге тағы бірнеше адам ұсталған. Олардың үстінен БТА банкі басшылығының арызы негізінде "қаржы жымқыру" және "заңдастыру" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталған. Бұған қоса Ерімбетовке меншігіндегі "SKY SERVISE" компаниясы арқылы 1 миллиард теңге бюджет қаржысын жымқырды" деген айып тағылған. 9 қаңтарда Алматының Медеу аудандық соты Ескендір Ерімбетовтің қамау мерзімін ұзартып, 13 наурызға дейін абақтыда қалдыруға шешім шығарған.

Былтыр желтоқсанда Ерімбетовтің туыстары Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, Қазақстан билігі "оны саяси себеппен қудалап жатыр" деп мәлімдеген. "Баламызды оппозициялық саясаткерден ақша алды деп айыптау негізсіз. Оны шетелде тұратын қызымыз Ботагөз Жәрдемәліні елге қайтарып, Әблязовке қарсы куәлік бергізу үшін қамауға алды" деген Ескендір Ерімбетовтің әкесі Мырзахан Ескендіров.

Азаттық Марғұлан Сейсембаевтың мәлімдемесіне байланысты Қазақстан бас прокуратурасы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюродан комментарий берулерін сұраған еді. Бұл үш органның қызметкерлері Ескендір Ерімбетовтің ісін тергеу бойынша құрылған мекемеаралық тергеу тобына кіреді. Бас прокуратура баспасөз қызметінің Нұржан Рахметов "Сейсембаев пен Ерімбетов туралы ештеңе білмейтінін" айтты. Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро өкілі әлеуметтік желіде тараған Сейсембаевтың мәлімдемесі туралы хабардар екенін, бірақ тек жазбаша сауал алған соң ғана жауап беретінін айтты. Ұлттық қауіпсізік комитеті "телефон арқылы комментарий бермейтінін" алға тартып, сұрақты жазбаша түрде жолдауды сұрады. Азаттық бұл үш мекемеге жазбаша сауал жіберді.

"КМОБАЙЛ" ЖӘНЕ "БИТЕЛ"

51 жастағы Марғұлан Сейсембаевтың сөзінше, Қазақстанның тергеу орындары одан 2002-2006 жылдары аралығында өзі қатысқан қазақстандық "КМобайл" және қырғызстандық "Бител" компаниялары жөнінде жасалған мәмілелерге қатысты сұрақтар қойған. Сейсембаев 2002 жылы 237 миллион қарызы бар "КМобайл" компаниясы 12 миллион долларға сатып алынып, кейін ресейлік "Вымпелком" ("Билайн") компаниясына 425 миллион долларға сатылған деп жазады.

Оның айтуынша, 2005 жылдың басында сол кездегі қырғыз президенті Асқар Ақаевтың ұлы сатқысы келген қырғызстандық "Бител" компаниясын Ескендір Ерімбетовтің офшорлық компаниялары 110 миллион долларға алған. Сейсембаев оған қосалқы инвестор ретінде қатысқанын, қарызы көп және құрал-жабдығы ескірген "Бител" компаниясын дамытып, тұтынушы санын көбейтуге ақша болмағанын айтады.

Бішкектің орталығындағы билікке қарсылық шеруіне қатысушылар. 24 наурыз 2005 жыл.
Бішкектің орталығындағы билікке қарсылық шеруіне қатысушылар. 24 наурыз 2005 жыл.

"Компанияны бақылауымызға алғаннан кейін Қырғызстанда тәртіпсіздіктер басталды. 2006 жылы "Бител" акцияларының 51 пайызын ресейлік МТС компаниясына 150 миллион долларға саттық, ал акцияның қалған бөлігін бір жылдан соң 170 миллион долларға сатып алуы тиіс еді, бірақ келісімді орындамады, біз оларды сотқа бердік", - дейді ол.

Марғұлан Сейсембаев аталған екі бизнес-жобадан түскен қаржыны банк саласына жұмсағанын айтады.

"Бұл екі компаниядан тапқан ақшаны "Альянс-банкке" инвестиция ретінде салдым, оны менен тартып алды", - деп мәлімдейді бизнесмен.

"САЯСАТПЕН АЙНАЛЫСПАЙМЫН, ОППОЗИЦИЯДА ЖОҚПЫН"

Бизнестегі жолын 1990 жылдары бастап, Қазақстанда "Сеймар" компаниясының негізін қалаған ірі кәсіпкер, кезінде елдегі негізгі бес банктің бірі болған "Альянс банк" директорлар кеңесінің экс-басшысы ретінде танылған Марғұлан Сейсембаев Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған постында "бұл ашық хат та, президентке үндеу де, арыз болмаса қоғамнан жәрдем сұрау емес, қоғамға елден неліктен кеткенімді түсіндіру" деп жазған. Бұған қоса ол шетелде тұрақты тұруға қалғаны және сол жақта бизнес, экологиямен айналысуды жалғастыратыны, алайда "дәл қазір жүзеге асыруға мүмкіндік болмауына байланысты" Қазақстандағы барлық қоғамдық бағдарламалары мен бастамаларын тоқтата тұратыны жайлы хабарлаған.

"Мен туралы не ойласа да, саясатқа, оппозицияға және тағы басқаларға араласпаймын" деген Сейсембаев.

Ол "қайтар есігін қатты жаппайтынын" және "өзі мен отбасының қауіпсіздігіне кепілдік берілсе" Қазақстанға қайтып оралуға әзір екенін білдірген.

Эмиграциядан оралған Марғұлан Сейсембаев баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.
Эмиграциядан оралған Марғұлан Сейсембаев баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

Марғұлан Сейсембаевтың Қазақстаннан шетелге кетуі алғаш рет емес. Бұған дейін 2009 жылы "Альянс банк" акционерлік қоғамының бұрынғы басшысы Қазақстаннан кетіп қалған соң қаржы полициясы Марғұлан Сейсембаев пен інісінің үстінен "сеніп тапсырылған өзгенің мүлігін иелену немесе ысырап қылу арқылы жымқыру" айыбы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Оның алдында банк акцияларының бақылау пакеті мемлекеттік "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына өткен болатын.

2010 жылы Қазақстанға оралып, "президент Нұрсұлтан Назарбаевқа адалдығын" мәлімдеген Сейсембаев "банк бизнесімен айналыспауды" ұйғарғанын жария еткен еді. Сонымен бірге ол шетелде қуғында жүрген қазақстандық эмиграттарды өзінен үлгі алып, елге оралуға шақырған. Журналистерге берген сұхбаттарында ол "саясатпен айналыспайтыны, оппозицияға қосылмайтыны" туралы үнемі айтып келген.

Оқи отырыңыз: Сейсембаев "президентік адалдығын" дәлелдеуге келіпті

2011 жылы Алматы соты Марғұлан Сейсембаевты "банк қаражатын заңсыз пайдаланғаны" үшін айыпты деп танып, екі жыл шартты жаза тағайындаған.

Содан бергі өткен уақыт ішінде Марғұлан Сейсембаев Қазақстанда бірқатар қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға талпыныстар жасап көрді. 2016 жылы ол әлеуметтік желілерде "Байтақ дала" қоғамдық табиғи қорығын құру науқанын бастағанымен жоба іске аспаған күйі қалды. Сейсембаев браконьерлер кесірінен Алматы облысындағы Іле өзеніндегі балық түрлерінің көбі құрып бара жатқаны туралы дабыл қағып, браконьерлерді табиғатты қорғаумен айналысатын мекемелердің өздері қорғаштайды деп сын айтқан болатын.

Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев (оқ жақта) өзінің "Мен жауап беремін" жобасы туралы жиында сөйлеп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.
Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев (оқ жақта) өзінің "Мен жауап беремін" жобасы туралы жиында сөйлеп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

2015 жылы тамызда Марғұлан Сейсембаев қазақстандық өндірушілердің өнімі сапалы болуы үшін күресетін "Жауап беремін" атты жаңа қоғамдық қозғалыс құру туралы бастама көтерген. Бизнесменнің әлеуметтік желі арқылы жарнамалаған бастамасын қолдаушылары да табылған еді. Бірақ қазанның басында сенбі күні "ескі істер бойынша" прокуратураға жауап алуға шақырылғаннан кейін Сейсембаев "Жауап беремін" жобасын доғаратыны туралы хабарлады. Прокурорға шақыру алардан бір күн бұрын ол "үкіметті жария түрде сынаудан бас тартатыны" туралы мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Марғұлан Сейсембаев "жауап беруді" доғармақ

Кейбір сарапшылар Қазақстандағы саяси элита елде бейсаяси азаматтық қозғалыс құрудың өзін билікке төнген қатер деп қабылдайтындықтан, топ-менеджердің "Жауап беремін" бастамасы жайлы "әу бастан іске аспайтыны белгілі" деген болжам жасаған еді.

XS
SM
MD
LG